Kyzylorda-news.kz. Атақты Черчилль тар жол, тайғақ кешуге тап болғанда, көңіл күйі болмай, күш-қуаты кеміп, сүйегі жасығанда да дәрігер шақырмайды екен. Ол заманның дәрігерлерінің қолынан көп нәрсе келетін: есірткі, элекртрошок, суық суға шомылдыру, лоботомия секілді әдістерді біліпті. Бірақ Черчилль креслоға отырады екен де, «маған қара ит келді» дейтін көрінеді. Азапты күндерді үндеместен өткереді екен. Сурет салады, кітап оқиды, үндемейді. Содан қара ит кетіп қалады екен.

Авраам Линкольн жастыққа жылайды екен. Төсекке етбеттеп жатып, өкіріп жылайды екен. Жылап алса, жеңілдеп, анадан жаңа туғандай болып, мемлекеттің ұлы істерін дөңгелетіп әкетеді екен. Ол кезде мұндай көңіл-күйді «меланхолия уақыты» депті. Джоан Роулинг те «қара итпен» таныс екен. Ол емханаға жатып, күйзелістен емделуден бас тартыпты. Содан Гарри Поттерді жазуға отырады. Осы кітапта адамның күш-қуатын, қуанышын сорып қоятын – дементорлар жайлы жазады. Мұндай адамдармен күресу керек. Ол күресті. Кітап жазды. Кітабы атақ пен даңқ әкелді.

Академик Бехтерев жас күнінде күйзеліске түсіп, жындыханада жатыпты. Ол кезде неврозға арналған емхана болмаса керек. Ол ауырып жүріп дәрігерлердің қалай емдегенін бақылапты, содан психиатр болам деп шешеді. Жазылып шығып, оқуды қолға алады. Содан адам жанын зерттеген ерекше білгір ғалымға айналады.

Көңіл күйдің болмауы адам болмысына тән құбылыс. Ол атақты адамдарға да тән. Күйзеліс оларға өз ісімен айналысуға, атақты болуға кедергі болмапты. Азапты күндерде адам миы қайта жаңғырып отырады. Жаңартулар енгізіліп, жаңа бағдарламалар жазылады. Адам өзгереді.

Бастысы – тым белсенді қимыл-қозғалысты міндеттемеу. Күйзелісті жоққа шығаруға тырыспау. Оны ішімдікпен басып тастамау. Не дәрі ішіп, емдеуге тырыспау. Психикалық дерт болмаса, ол жазылады. Қалыпты дүние. Мұндай көңілсіз күндер ойлануға түрткі болады. Табиғатты тамашалауға мүмкіндік береді. Шығармашылықпен айналысуға жол ашады. Оқшаулануға таптырмас мүмкіндік. Маңызды шешімнің бәрін кейінге қалдыра тұруға болады.

Ғылыми тұрғыда күйзеліс кезінде адамның ақылы кіретіні дәлелденген. Мұндай кезде сөзжұмбақ пен есепті жақсы шығарады екен. Сондықтан миға тынығуға уақыт беріңіз. Қызықсыз күндер де артта қалады. Ал сол сәтте туған шешімдердің пайдасы шаш етектен болатыны анық.

 Анна КИРЬЯНОВА

Аударған Шынар ӘБІЛДА

Тағы да оқыңыз: