Kyzylorda-news.kz. Коронавирус қоздыратын “Кавасаки” синдромына балалар жиі ұшырауда. Бұрын-соңды естімеген дертке елімізде биыл 30-ға жуық бала шалдыққан. Күні кеше шымкенттік 5 жасар бүлдіршін аталған аурудың қармағына ілініпті. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Stan.kz.

Елімізде ковидтен де қауіпті саналатын кавасаки тәріздес синдром балалар арасында таралуда. Статистика бойынша, биыл 28 бүлдіршіннен белгісіз дерт анықталған. Оның үшеуі қайғылы жағдаймен аяқталыпты.

Дәрігерлердің сөзінше, ең әуелі балада 2-3 күн дене қызу көтеріледі, аяқ-қолдарында бөртпелер пайда болады. Одан қалды, әлсіздік байқалып, көзі іріңдеп, қабынуы мүмкін.

“Кавасаки дегеніміз – вирус тудыратын ауру. Қазіргі кезде жиілеп кетті. Алғашқы белгілері дене қызуы басылмай, ұзақ уақыт сақталады. 39-40 градус”, – дейді педиатр-дәрігер Сымбат Мұратова. 

Шымкентте әбден әлсіреген, денесі бөрткен, буындары ауырған 5 жасар бүлдіршін тамыз айының басында ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның өмірімен екі апта арпалысқанын айтады. Абырой болғанда, бала құлан-таза айығып шығыпты. 

“Шілде айында 5 жасар науқас ауруханада жатты. Шағымы – температура көтерілуі, буындарының ісуі, бөртпелер шығуы, әлсіздігі, тәбетінің төмендігі. Бала бес күн реанимацияда болды, дер кезінде жағдайы жақсарды”, – дейді Шымкент қалалық балалар ауруханысының бас дәрігерінің орынбасары Қаламқас Даумбаева.

Мамандардың сөзінше, Кавасаки синдромын тек коронавирус қана емес, өзге де инфекциялар қоздыруы мүмкін. Сондай-ақ естімеген дертке көбіне 2-7 жастағы балалар жиі шалдығады екен.

“Балада қосымша белгілі ауру болса, созылмалы аурулары болса, асқынады. Бұрыннан келе жатқан ауру. Бірақ өте сирек кездеседі. Себептері де әртүрлі. Қазір жиі кездесетіні – Кавасаки синдромы”, – дейді Сымбат Мұратова. 

Бұл вирус иммунитеті мықты, дұрыс тамақтанатын балаларға жоламайды. Сол себепті, жеткіншектерді қолды жиі жуып жүруге, бетперде тағуға баулып, таза ауада серуендету керек.

Тағы да оқыңыз: