Kyzylorda-news.kz.  Сенат депутаттары Қазақстан мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялауға арналған заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас прокурордың орынабасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бұған дейін екі ел арасында құқықтық көмек көрсету және қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру туралы шарттар ратификацияланған болатын. Ал осы келісімшарт сотталған адамдарды беру шараларын көздейді.

Заңда сотталған адамды берудің нақты талаптары мен шарттары көрсетілген. Олар:

  • сотталған адамның Қазақстан немесе Корея азаматы болуы;
  • сот үкімінің заңды күшіне енуі;
  • жазаны өтеу мерзімінің бір жылдан кем болмауы;
  • жасалған әрекеттің екі елде де қылмыс ретінде танылуы;
  • сотталған адамның жазбаша өтініш беруі;
  • екі мемлекеттің де өзара беруге келісуі.

“Осы талаптар сақталмаса, сотталған адам берілмейді. Ал Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, онда сот үкімін біздің заңда көзделген жазаға сай келтіреді. Алайда, жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс”, – деді Ахметжанов сенаттың жалпы отырысында.

Ресми мәліметке сәйкес, Кореяда 35 мыңға жуық қазақстандық бар. Олардың ішінде 24 мың адам заңды түрде тұрса, 11 мың азаматымыз заңсыз жүр.

“Әрине, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мысалы, қазір Кореяда 23 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Ал, бізде сотталған бір Корея азаматы бар. Ұсынып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады”, – деп атап көрсетті Ахметжанов.

Сенаторлар заңды бірауыздан қабылдады.

Тағы да оқыңыз: