Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сыр өңірінің тарихы, мәдениетімен танысу ниетінде Оңтүстік Кореядан оқушылар мен студенттер келді. Оларды Кореяның тарих және мәдениет орталығының директоры Ли Гап Сон және Бас хатшы Чён Ген Вон бастап келді. Қазақ елінің тарихына қызығушылық танытқан 45 корей оқушысы мен студенті арнайы байқаудан іріктеліп өтті. Олар ең бірінші Достық үйіне келіп, онда этномәдени бірлестіктердің өкілдері және жастармен кездесті.

Қонақтарды Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай, өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасарлары Денис Пак пен Елена Когай қарсы алды.

Кездесу модераторы Айбек Дайрабай Қызылорда мен Корея арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етті.

«Қасиетті Сыр жері өз отанынан алшақ өмір сүріп жатқан корей халқына алтын бесік бола білді. Корейлер қай кезеңде болмасын аймақтың барлық саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Қазіргі таңда өңірде 10 мыңға жуық корей ұлтының өкілдері бар», – деді Айбек Дайрабай.

Мұнан соң Кореядан келген делегация мүшелері Қызылорда қаласы және корей этномәдени бірлестігі туралы бейнесюжет тамашалады.

Өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасарлары Денис Пак пен Елена Когай сөз алды.

«Қиын жылдар кезеңінде қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыс сезіммен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында міне, корейлердің бесінші ұрпағы бірлігі жарасқан, келешегі кемел елде өмір сүріп келеміз. Екі ел арасындағы ынтымақ пен достықтың нәтижесінде игілікке толы ізгі жұмыстар өз жалғасын таба бермек», – деді Елена Когай.

1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылған корей халқымен бірге келген корей педагогикалық институтының негізінде Сыр өңірінде алғаш жоғарғы оқу орны ашылды. Содан бері білім, ғылым саласы бойынша екі ел арасы үзілген емес. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Оңтүстік Кореяның бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыстар орнатқан. Жыл сайын университетте корей күндері өткізіліп тұрады. Оқу орнында ағылшын және корей тілі мамандығы бойынша бірнеше студенттер білім алып жатқандығы туралы университеттің халықаралық қатынастар тобының жетекшісі Тимур Кенішбай айтып өтті.

Кездесуден соң делегация мүшелері Корей батырлары Хон Бом До мен Ге Бон У-дың мемориалдық кешеніне барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Содан соң Қорқыт ата атындағы университетке келіп, ондағы Корей бұрышы, корей тілі кабинетімен танысты.

Тағы да оқыңыз: