Коммуналдық қызметтер мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді – Kyzylorda News
Басты бет

Коммуналдық қызметтер мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді

15.12.2021, 15:20

371 0

Kyzylorda-news.kz.  Облыс тұрғындарын алдағы мереке күндері үздіксіз және авариясыз табиғи газбен және жылумен қамтамасыз ету мақсатында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылады. Сондай-ақ, электр энергия мен ауыз су үздіксіз берілуі бақыланады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев хабарлады.

«Облыста жылу беру маусымы жоспарға сай өткізілуде. Биыл Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек аудан орталығының газдандыру жұмыстары толық аяқталып, 46 мыңнан аса тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал қаладағы 816 көппәтерлі тұрғын үй толығымен жылу жүйелеріне қосылған. Алдағы мереке күндері коммуналдық қызметтердің жұмысы тұрақты бақылауда болады», – деді Ерлан Мақсотұлы.

Қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 50 ұңғымадан тәулігіне 38,0 мың текше метр ауыз су өңдірілуде. Ескі ауыз су құбырлары қолданыстан ажыратылып, тұрғындар жаңа жүйеге қосылды. Алдағы күндері облыс тұрғындары үздіксіз су жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Биыл орындалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде «ҚЭТТК» АҚ бойыша электр энергиясы 14,7 пайызды құрап, ысыраптар көлемі 1,51 пайызға төмендеді. Одан бөлек, электр желілерінің тозу деңгейі 69 пайызға, ал ескірген қосалқы станциялар 72 пайыздан 68 пайызға төмендеген. Қазіргі таңда, қалада орта есеппен 7688 тұрғын үй өз күшімен 305,9 шақырымдық электр желілерінен электр энергиясын алып отыр. Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы акционерлік қоғамы бұл көрсеткіштерді төмендетуге алдағы жылдарға жоспар құруда, – деді «ҚЭТТҚ» АҚ басқарма төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев.

ҚазТрансГаз Аймақ АҚ КӨФ апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы Базарбек Ерімбетовтің айтуынша Мереке күндері облыс тұрғындарын үздіксіз табиғи газбен жабдықтау және келенсіз жағдайларға жол бермеу мақсатында арнайы кезекшілік ұйымдастырылмақ. Газдың пайдалану режимін апатты-диспетчерлік қызметінің үнемі бақылауында болады.

Қала бойынша 186,8 шақырым жылу желілері бар. Орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 558 нысан қосылған. Қазіргі таңда тұрғындарға жылу тұрақты беріліп, негізгі қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеуде, – деді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Наурыз Сатханов.