Kyzylorda-news.kz. Аймақта 2020 жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының сызбасы аудандар және Қызылорда қаласы бойынша бекітілген. Бекітілген сызбаға сәйкес, үстіміздегі жылы облыс бойынша 183,1 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.

Басқарманың мәліметінше, облыс бойынша егілетін 183,1 мың гектардың ішінде дәндi дақылдар 97,8 мың, майлы дақылдар 6,0 мың, мал азықтық дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,7 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 88,2 мың гектар.

Облыста егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында биылғы жылы соя дақылын 290 гектарға, қант құмайын 200 гектарға ұлғайтуды және 164 гектар жерге жеміс-жидек, жүзім отырғызу межеленіп отыр.

Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның 80 гектары бүгінгі таңда егіліп отыр.

Бүгінде егістікке қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары толықтай дайындалып, егіс егу науқанына қатысуда.

Облысқа 2020 жылдың көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізуге 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бекітілген операторлар арқылы наурыз айына бөлінген 3250 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, шаруашылықтарға толығымен таратылды. Бүгінгі күні сәуір айына бөлінген 4615 тонна дизель отынына келісім-шарт жасалып, қаржысы аударылған. Оның ішінде, 2432 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, оның 1770 тоннасы шаруашылықтарға таратылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дизель отынының бағасын арзандату бойынша берген тапсырмасына сәйкес, бүгінде арзандатылған дизель отынының бағасы әр литрге 162 теңгені құрап отыр.

Басқарма мәліметінше, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың арқасында облыстың машина-трактор паркі тұрақты жаңарып келеді.

Жалпы соңғы 5 жылда 25,5 млрд. теңгеге 1049 дана жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып машина-трактор паркі 23,7%-ға жаңарды. Атап айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы 22,2 млрд. теңгеге 649 дана және өз қаражаты есебінен 3,3 млрд. теңгеге 400 дана алынған.

Биылғы жылы да облыстың шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы 5,0 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды жоспарлап, бүгінгі күнге 1,3 млрд теңгеге 20 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.

Биылғы жылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 4,2 млрд. текше метр су қажет көрінеді.

15 сәуірдегі мәлімет бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 533 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 5,1 млрд. текше метрді құрап, төменге секундына 400 текше метр, ал Көксарай су реттегішінде 1,9 млрд. текше метр су көлемі жиналып, төменге секундына 200 текше метр су тасталуда.

Бүгінгі күнге Шардара мен Көксарайды қосқанда 7,0 млрд. текше метр су бар, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2млрд. текше метрге кем.

Көктемгі су алу жұмыстарына сәйкес, барлық аудандар мен Қызылорда қаласының су шаруашылығы нысандарын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып, бүгінгі күнге облыс бойынша су алу каналдары арқылы барлығы секундына 162,0 текше метр су алынуда.

Сонымен қатар, 2020 жылдың егісі үшін шаруашылық құрылымдарына су жеткізіп беру қызметі үшін Су шаруашылығы мекемесімен келісім-шартқа отыру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінге облыс бойынша 986,8 млн текше метр су алуға 191 шаруашылықпен су жеткізіп беру қызметі үшін келісім-шарт жасалды.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға келсек, облыста 2020 жылы межеленген егіс көлемдеріне сәйкес, Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдіктерінің мәліметтері бойынша көктемгі дала және егіс егу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі 8 581,6 млн. теңгені құрап отыр.

Осы қажет қаржыдан шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен 2 450,3 млн. теңге, инвесторлар тарапынан 3 656,7 млн. теңге, «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС арқылы 907,2 млн. теңге қаржыландыру жоспарланса, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 768,6 млн. теңге, басқа көздерден 798,8 млн.теңгені құрайды.

Бүгінгі күнге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 21 шаруашылық құрылымы 349,4 млн теңгеге, «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС арқылы 36 шаруашылық құрылымы 489,6 млн теңгеге қаржыландырылып отыр.

Айта кетейік, қазір қала және барлық аудандар ерте егілетін дақылдарды егу жұмыстарына кірісті. Бүгінгі күнге егілген егіс көлемі 27,8 мың гектар, оның ішінде: жаздық бидай – 3,8 мың (100,5%), жаздық арпа – 0,6 мың (105,6%), мақсары – 5,0 мың (85,7%), жаңа жоңышқа – 18,6 мың (98,9%)гектарды құрайды. Негізгі дақыл – күріш егу жұмыстары сәуір айының 20–нан кейін басталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, қала және аудандардан алынған мәліметтерге сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы 41857 гектар ескі жоңышқа толығымен тырмаланып, 5894(14,0%) гектары суғарылса, 4142 гектар күздік бидай тырмаланып, толығымен үстеп қоректендірілген.

Тағы да оқыңыз: