Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында қазір кәсіпкерлік саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Мұндағы тұрғындар қазір бұл саланың қыр-сырын үйреніп, өздерінің кіші, үлкен кәсіптерін жасап, жалағаштықтардың қажетін өтеп жүр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Өз кезегінде аймақтағы кәсіпкерлік сала дамып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайған. Сәйкесінше, жұмыс істеп тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 39,2 пайызға артқан.Солардың бірі – Жалағаш кентінің тұрғыны, жеке кәсіп иесі Еркебұлан Көптілеуов.
Ол өз бизнесін дамыту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылы 4 миллион теңге несие алып, «Аладдин» атты кілем жуатын цех ашқан. Еркебұлан басқаратын «Алладин» кілем жуу цехы күніне 15-20 кілемді жуады. Бағасы да тұрғындар көңілінен шығуда. Ол несиеге алған қаржысына кілем жуатын аппараттар алған. Сондай-ақ 2012 жылы кәсібін бастап, оны 2018 жылы үлкейткен. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз грант алған. Бүгінде арнайы цехта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кілем жуу аппарат арқылы жүргізілгенімен ондағы қызметкерлер алдымен кілемді қолмен жуып, содан кейін барып аппараттарға салатын көрінеді. Тапсырысқа әкелген кілемнің жуғаннан кейінгі түрінен бір қылау таппайтынын айтады тұтынушылар. Н.Оңалбаева, Жалағаш кентінің тұрғыны:
«Бірнеше рет кілемімді осы цехқа жууға бердім. Бұрын қыста кебуі қиын деп бермейтінбіз. Қазір жаңа құрылғы алып, «Алладин» цехы тұтынушыларға мінсіз қызмет етіп жатыр. Өздері алып кетеді. Шатырдай таза күйінде үйімізге әкеп береді. Төсеніштеріміз бір жаңарып қалды. Қанша дегенмен қымбат заманауи құрылғылар сапалы қызмет жасайды ғой. Ауданымызда осындай цехтың ашылғанына ризамыз, – дейді ол.
«Бүгінде кәсіптің түрі көп. Өзіңнің жаныңа жақын жұмыспен айналысу адамға ерекше шабыт сыйлайды. Қазіргі таңда кілем жуу кәсібі өрге домалап тұрған сәт. Себебі екінің бірі үйдегі кілемді жууға уақыт таппайды. Мұнымен қоса үй жағдайында кілем жууға мүмкіндігі жоқ кей жалағаштықтар үшін бұл қалыпты жағдай. Техниканың дамыған тұсында бәрін де тапсырыс арқылы жасауға болады.Ең бастысы, тұтынушының талғам-таразысына лайық болсаң, ісіңе береке дариды. Кәсіптің үлкен-кішісі болмайды. Бәрі еңбекпен келеді. Қазіргі адамның сұранысын қанағаттандыру басты мақсат болу керек. Сонда діттеген биігіңе шығып, салық қазанына да үлес қосасың, отбасыңа да нәпақа табасың» дейді жас кәсіпкер Еркебұлан Көптілеуов.
Ерекше кәсіп иесі өздеріне келген тапсырыс еш уақытта кері қайтпағанын, оған мұқият қарайтынын жеткізді. Олар өз тұтынушыларын жоғалтып алуға жол бермеу үшін сапалы жұмыс жасап жатқандарын айтады. «Тапсырыс түскен бойдан кілемдерді өзіміз алып кетіп, тазалаған соң тұрғындардың үйіне өзіміз қайта жеткіземіз» дейді ол.
Биылғы жылы да Е.Көптілеуов «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге қол жеткізді. Ол қаржыға жаңа үлгідегі қыста да кілемді жуып кептіретін арнайы аппарат алған. Шынында кәсіппен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Бірақ сол кәсіпке көп жастар еңбектеніп, тәуекелге иек артып, бетбұрыс жасай қоймайды. Ал талаптансаң, «талапты ерге нұр жауар» деген атам қазақтың тәмсілінің дөп айтылғанын сезесің. Оған талабы таудай Еркебұлан дәлел бола алады. Себебі ол – өзінің қажыр-қайратын мығым ісімен дәлелдеген жан.
Гаухар Қожахметова