Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу жиыны өткізілді. 

Жиынға барлық қала және аудандық полиция бөлімдерінің Ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымдарының қызметін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған шара департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Өтегенов Әміржан Сермаханұлының төрағалығымен өтті.  

Кездесу барысында жеке құрам мен ішкі істер органдарының зейнеткерлері арасында қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды нығайту қызметін ұйымдастыруды жақсарту мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Қазіргі уақытта ардагерлерді полиция қызметіне араласуға жұмылдыру, кеңес, бағыт-бағдар алу, оларды қолдау жұмыстарына аса көңіл бөлінуде. Себебі, саналы ғұмырын осы салаға арнаған әрбір ардагердің жастарға берер тәлімі мол», - деп атап өтті Әміржан Сермаханұлы.  

Полиция департаментімен ұйымдастырылған бүгінгі шара барысында ашық алаң, еркін пікірталас жүргізіліп, ардагерлердің ұсыныстары мен сұраныстары тыңдалды. Мәселен, Қызылорда облысы полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев сөз сөйлеп, жеке құраммен жұмыс жасау, жеке құрамның тәртібіне аса көңіл бөлу қажеттігін, сонымен қатар, әр учаскелік полиция пункттеріне бір-бірден жауапты ардагер тағайындау бойынша жұмыстар жүргізу және ардагерлерді әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Бұдан бөлек, Қармақшы аудандық полиция бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есет Назарқұлов өткір мәселелерді қозғады.

Көпті көрген ардагерлер  өмірден білген-түйгенін, жетістікке жетудің жолдары мен абыройлы еңбек етудің сырын бөлісіп, жастарды ерінбей еңбек етуге, елдің дамуы үшін аянбай тер төгуге шақырды. Сонымен қатар, өздерінің қызметтік жолдарын, бастан кешкен оқиғаларын да еске алды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасау, серіктестікті жаңғырту, жас қызметкерлер тәрбиесі жөнінде де келелі әңгімелер қозғалды.    

336369695_476925874560796_6839869420854439581_n.jpg
336751988_908064000312192_2953509615034719838_n.jpg

Тағы да оқыңыз: