Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің шешімімен компанияның басқарма төрағасы лауазымына тағайындалған Жантасов Бауыржан Русланұлы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға өңірді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуде, облыс аумағындағы электр желілері мен қондырғыларының тозу деңгейін төмендетуде, компанияның қаржылық жағдайын тұрақтандыру және ретке келтіруде нақты шаралар қабылдауды міндеттеді. Сонымен қатар, алдағы жылу беру маусымына уақытылы дайындықты күшейтуді тапсырды.
Бауыржан Жантасов 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс университетінде «Инженер-электрик» мамандығы бойынша білім алған. «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі. Германияның Бернбург қаласындағы Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінде «Энергетикалық саясат және халықаралық сауда» мамандығында іскерлік басқару магистрі бойынша оқыған.
Еңбек жолын «KEGOC» акционерлік қоғамында электр монтері болып бастаған. Әр жылдары «ПромСтрой-Энерго», «Кернеу» серіктестіктерінде, «Алатау жарық компаниясы» акционерлік қоғамында түрлі жауапты қызметтер атқарған, кәсіпорындардың жағдайын жақсарту, тиімді басқару бағытында нәтижелі жұмыс істеген.
