Kyzylorda-news.kz.  Арал ауданынан қарасты Қаратерең деген ауыл бар. Кезінде теңіз тулап, шағала шулап жатқанда сол теңізді іргелей орын тепкен. Тарихы терең ауылдың бұрындары  әкімі болған Құдабай Жиенбаев бұл ауылдың бір кездері атағы дардай әлемге танылған ұшқыштардың мекені болғандығы туралы мынадай қызық деректі  баяндаған екен:

 Бұл ауылдан шыққан кеме капитандары мен ұшқыштар өте көп. Оған себеп те бар. Бала не көріп өссе соны арман етеді емес пе?! Осы екі мамандық иелерінің көп болуы да сондықтан болар. Жағалауды соғып, ақ бұйра толқыны арнасынан асып жататын теңіздің толысқан шағында мұнда талай кеме тұрақтап, қайтадан айдынды бетке алды. Жағадан алыстап қара нүктеге айналып, одан әрі көзге көрінбей кеткенше қол бұлғап тұратын балалық сезім сол кемелерде қиянға кетіп бара жататын. Ал ауылдың төбесін айналып, келіп-кетушілерді көкке көтерген АН-2 ұшағы теңіз бетімен жүзіп кеткен аппақ арманды көкке көтеріп ала кететін, - деді ол.

Қаратереңдік ұшқыштар жайлы дерек тек бұл ғана емес. Осы ауылдан түлеп шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті журналист Бауыржан Омарұлының «Үлкен үшеудің үлгісі» атты мақаласын «Арал қойнауындағы біздің ауыл барша жұртқа көкте самғаған ұшқыштарымен танымал. Шетінен ұшқыштың оқуын бітірген Қаратереңнің қайсар жігіттері қалт-құлт еткен АН-2-ден бастап, құлашы кең, әукесі әйдік әуе кемелерін ерттеп мініп, жер түбіне айдап кете береді. Бұлар тек ұзын тұмсық ұшақты ғана емес, жайынбас тікұшақты да шырқ үйіреді. Бетін аулақ қылсын, теңіз беткейінде әлдеқандай бір жағдай бола қалса, тәуекелге бел байлап, алдымен жететін де солар. Ал енді бүгінде осы теңіз қолтығындағы Қаратереңнің «Миминолары» жөнінде көпшілік жақсы біледі» деп бастауы да Қаратереңнен шыққан қырандар жайлы сөзімізді салмақты ете түсіп отыр.

Қаратереңдік ұшқыштардың шоқтығы биік. Мәселен, Қайбалды Әбжамиұлы Орынбаев «Жыл адамы» атанған. Қазақстан авиациясы саласында алғашқы болып «Жыл адамы» атанған азамат біздің жерлесіміз. Мұнан бөлек Әбжами Тлеулесов – ССРО аэропортының үздігі, еңбек сіңірген әуе қызметкері, экономика ғылымының докторы, халықаралық информатизация академиясының академигі. Ол 12 типті әуе ұшағын меңгерген, «Академик И.Юзвишин» медалімен марапатталған. Ал Дулан Дәрменов – азаматтық авиацияның 1 класс, жүк тасу авиацияның 4 класс ұшқышы. 1976 жылы есімі Қазақ ССР-нің «Алтын құрмет» кітабына енген.

Бұл біздің аузымызға түскендері ғана. Мұнан бөлек аспан мен жердің, ел мен елдің арасын жалғаған әуе шеберлері Қаратереңнің төрінен шыққаны барша аралдықтар үшін үлкен мақтаныш.

Тағы да оқыңыз: