Kyzylorda-news.kzЖыл сайын 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні болып аталып өтіледі. Мерекеге орай, Қызылорда облысы ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекеме бастығының міндетін атқарушы  әділет майоры Ж. Есмаханов мекеменің медицина қызметкерлерін құттықтады. Қазіргі таңда мекемеде 12 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Солардың ішінде осы мекемеде табан аудармай 17 жыл қызмет етіп келе жатқан медициналық бөлім аяжаны Эльмира Тоқтамысова өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адал қызметкердің бірі.

«Мейірбике болу – бала күнгі арманым. Осы балаң үміт пен асыл арман алға жетелеп, оқуға түстім. Қызылорда медициналық колледжін тәмамдап, 2003 жылдан бері осы мекемеде қызмет атқарып келемін. Тек шынайы мейірімді адам ғана нағыз мейірбике бола алады деп айта аламын. Жұмыстың жеңілі жоқ. Кез келген істің өз қиындығы мен ауыртпашылығы, жауапкершілігі бар. Бізге де сондай үлкен жауапкершілік жүгі жүктеледі. Жаза басып, жаңылып қылмыс жасаған сотталғандарға емделуші ретінде қарап, дер кезінде медициналық көмек көрсетеміз. Елімізде төтенше жағдай орын алғалы, мекемедегі медицина қызметкерлерінің жұмысы ұлғайды. Осындай жағдайда қызметімізге деген адалдығымыз, шыдамдылығымыз мен бойымыздағы адамгершілік қасиетіміз бізге күш-қайрат береді.  Бұл мамандыққа тек өз ісін сүйетін адамдар ғана келеді. Біз киген ақ халат – адал ниеттің, мейірімнің символы, баршамыз осы үмітті ақтауға қызмет атқарып келеміз»,- деді мейірімді мейірбике Эльмира Рахметуллақызы.

ҚАЖ саласында қызмет еткен 17 жылға жуық уақыт ішінде ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің, облыс әкімінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының Грамоталарымен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Алғыс хатымен»  марапатталған.

Тағы да оқыңыз: