Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық татар этномәдени бірлестігінің белсендісі Эльдар Гафуров Қордай ауданындағы жанжалға байланысты халықты тыныштықты сақтауға, жастарды арандатуларға ермеуге, тұрғындарды сабырға шақырды.

Кеше Жамбыл облысы Қордай ауданында орын алған оқыс оқиғаға ел алаңдап отыр. Жанжалға қатысты бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы комиссия құрып, жауапты адамдарға жан-жақты тапсырма берді. Енді мемлекет басшысының тапсырмасына орай, тез арада нақты шаралар көріліп, мәселе шешіледі деп ойлаймын. Бұл келеңсіз жағдайды тез арада тоқтату қажет. Сонымен қатар жанжалдан туындаған залалды жою керек. Халықты сабырға шақырып, бірлігімізді нығайтуға қоғам болып атсалысайық.

Мемлекет басшысы бейбітшілік пен қоғамдық келісім біздің еліміздің іргетасы екенін нықтап айтты. Осы іргетасымызды біз бұзып алмауымыз керек. Осы оқиғаны бәзбіреулер өз мүддесіне қолдануға жол бермейміз деп үміттенемін. 

Дәл қазіргі жағдайда ел болып сабыр сақтап, бұл оқиғаның жай-жапсарын анықтау басты міндет болып отыр. Сонымен қатар Қордай ауданындағы жапа шеккен адамдарға көмек қолын созу – біздің адамдық борышымыз. Себебі, кешеден бері қаншама өрт оқиғасы орын алды. Кәсіпкерлік нысандар қиратылды. Сондықтан шығындарды өтеуге көмек көрсетейік. Халықты үрейлендірмей, тыныштықты сақтай отырып, тұрғындарды сабырға шақырамын. Мен де өз атымнан әлдекімдердің теріс әрекетіне еріп, жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын.

Эльдар ГАФУРОВ,

Қызылорда облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,

облыстық татар этномәдени бірлестігінің белсендісі

Тағы да оқыңыз: