Kyzylorda-news.kz.  Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апаттың орын алғанына 35 жыл толды. Апатты жоюға облыстан 800-ге жуық азамат барған. Жыл санап ардагерлердің қатары да кеміп келеді.

«Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін, 25 жасымда апатты аймаққа жіберді. Мәскеу округінде қызмет атқардым. Мен барған жылы 30 жасқа толмаған азаматтарды ертерек қайтарыңдар деген бұйрық келді. Содан шілдеден тамыз айына дейін болдым. Залалсыздандыруға барған азаматтардың арасында қазақтар да көп болды. Бүгінде олардың көбісі денсаулықтарынан айырылды. 2016 жылы Чернобыль апаты туралы «Сыр сарбаздарының ерлігі» атты кітап жарық көрді. Енді биыл сол кітапты толықтырғымыз келеді. Бастапқы да 128 бет болған, алдағы уақытта аудандардағы азаматтарымызды да енгізсек деп отырмыз», – деді «Чернобыль ардагерлері» Қызылордадағы қоғамдық ұйымының төрағасы Сансызбай Сәндібеков.

Биыл жергілікті бюджет есебінен 244 ардагерге 22,2 миллион теңге сома шамасында әлеуметтік көмек көрсетілген.

«Атаулы күнге 35 жыл толуына орай облыстық бюджеттен қосымша біржолғы көмек көрсетуге 27,9 млн. теңге қаралды. Төлем мамыр айынан бастап жүргізілетін болады. Сондай-ақ, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде мүгедектерге санаторий-курорттық емдеудің қызметі ұсынылады. Мәселен биыл Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушыларының ішінен үш ардагер жолдама алды», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдукәрімов.

Тағы да оқыңыз: