Kyzylorda-news.kz. **Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті 48 сессиясында 2019 жылы қабылданған «Облыста тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсартудың шаралары» туралы шешімінің орындалу барысы негізгі мәселе ретінде талқыланып, бірқатар өзекті проблемалар көтерілді.
**

Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында, бірлескен отырысында депутат Ибайдулла Тілептің және депутат Шакизада Әбдікәрімовтің тарапынан қойылған сұрақтары мен ұсыныстарына Қызылорда облыcтық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова өз баяндамасында жауап берді және атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

«Қазіргі адамзатты алаңдатып, әбігерге түсірген короновирустың шектеулерін сақтай отырып, облыстық мәдениет басқармасының базалық негізде жоспарланған жұмыстарды өз дәрежесінде атқарғанын атап өтуіміз қажет. Дегенменде уақыт күттірмейтін, шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Облыс бойынша жаңғыртуды және консервациялауды шұғыл түрде қажет ететін архитектурасы ерекше 75 кесене мен мұнара бар. Тағы бір проблемалық мәселе – ескерткіштердің қорғау аймағындағы жер телімдері шаруашылық, кәсіпкерлік мақсатқа бөлініп кетуінде. Жалпы облыс көлеміндегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау және пайдалану бағытында атқарылатын жұмыстарға облыстық бюджетке 2021 жылға өтінім берілген. Құндылығы жағынан үлкен тарихи, рухани мәні бар бұл ұсыныстар қолдау табуы керек», – деді депутат Ибадулла Құттықожаев.

Жалпы сессияның күн тәртібіне 37 мәселе ұсынылып, олар алдын-ала тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланды. «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту туралы» мәселесі бойынша мәслихат депутаттары Ибадулла Тілеп, Мінәжадин Өтеев, Шакизада Әбдікәрімов, Жорабек Нұрымбетов, Әнуар Дәуленбаев, Жанкелді Ысқақ мал жайылымдарына қатысты туындаған мәселе бойынша қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев жауап берді.

«Қызылорда облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрігерлік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы» мәселесі бойынша бірлескен отырыста мәслихат депутаттары Райхан Ысқақова, Әнуар Дәуленбаев, Райкул Байназарованың қойған сұрақтары мен ұсыныстарына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сәбит Пазылов жауап беріп, шешім жобасына ұсынылған мәселені толықтай баяндап берді.

Күн тәртібіне ұсынылған басқа да мәселелер бойынша депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер ортаға салынды. Сессияда депутаттар тарапынан болған сұрақтарға жауаптар беріліп, олардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.

Тағы да оқыңыз: