Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданында ұйымдастырылған “Дала күні” шарасына қатысты. Онда аймақ басшысы алқапқа алғашқы дән сеуіп, жаппай күріш егу науқанын бастады.

“Дала күні” өткізілген “Мәди Қажы” серіктестігінің шаруаларына Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров бата берді. Жасы 100-ге таяған ақсақал егіннің бітік шығып, күзде қырманның астыққа толуын тіледі.

Биыл облыста 183,1 мың гектар алқапқа егiн егіледі. Тең жартысы басты брэндтік өнім – Сыр маржанына тиесілі. Ал басқа дәндi дақылдар 9,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, мал азықтық дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 17,7 мың гектарға орналастырылады.

Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуіне тиісті шаралар қабылданған. Облыс дикандары минералды тыңайтқыш және тұқыммен қамтамасыз етілуде. 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы – литріне 162 теңге.

Соңғы жылдары өңірге 26 млрд.теңгенің 1070 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл – егіс алқабында жүрген әрбір төртінші комбайн, трактор немесе тұқым сепкіш.

Қожалықтардың көлік паркінде “John Deere”, “Claas”, “Ростсельмаш” және т.б. танымал маркалы техника бар.

Тағы да оқыңыз: