Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевпен кездесіп, есебін тыңдады.

Облыс көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті ветеринариялық іс-шаралар уақытылы атқарылуда.

Биыл аса қауіпті 16 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен қаралған 6311,2 мың доза ветеринариялық препараттың бүгінгі таңда облысқа 6095,5 мың (96,6%) дозасы жеткізілді. Қазіргі күні бекітілген 8 айлық жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары 86,7 пайызға орындалды.

Бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде ауру болып анықталған 42 бас мүйізді ірі қара, 177 бас уақ мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылды.

Облыс көлемінде 382,3 мың бас мүйізді ірі қара, 836,2 мың бас уақ мал, 175,6 мың бас жылқы, 57,9 мың бас түйе, 1,5 мың бас шошқа, 810 бас тақтұяқтылар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде тіркелген.Облыс әкімі Арал ауданындағы қалыптасқан жағдайға ерекше мән берді. Арал ауданы бойынша жыл басынан маусым айына дейін 481 бас, 1 маусым – 15 шілде аралығында 93 бас, 22 шілде – 6 тамыз аралығында 14 бастың өлім-жітімі тіркеліп, бүгінгі күнге 588 бас болып отыр. Клиникалық белгілеріне сәйкес «алиментарлы дистрофия», яғни мал көтеремдіктен өлген.

Осыған байланысты аудан бойынша қысқа қажетті шөптің көлемі нақтыланып, қазіргі күні осы қажеттілікке орай 15145 тонна шөп және 845,4 тонна жем жеткізілген. Сонымен қатар, мал басын сақтап қалу үшін басқа өңірлерге 540 бас уақытша жіберіліп, есептен шығарылды. 450 бас Шалқар ауданымен шектес жайылымдарға ауыстырылғандығы баяндалды.

Мұнымен қоса, Арал ауданының Жақсықылыш кентінде 13 бас, Қарақұм а/о 10 бас, Аққұм ауылдық округінде 3 бас, барлығы 26 бас түйе «некробактериоз» ауруымен ауырды. Ауру малдар уақытылы оқшауланып, тиісті емдік шараларын жүргізу нәтижесінде барлығы жазылып, жайылымға қосылды. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Қазіргі таңда эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Ауыл шаруашылығы жануарларына, олардың өнімдері мен шикізатына берілетін ветеринариялық анықтамалар «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» арқылы рәсімделуде. Жыл басынан 28351 дана ветеринариялық анықтамалар беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Облыс көлемінде жыл басынан ит, мысықтан 588 адам жарақат алу оқиғасы тіркелген. Осыған орай, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын шектеу мақсатында аулап жою жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қазірде 14883 бас қаңғыбас ит пен мысықтар ауланып, жойылған.

Сондай-ақ, Шахмардан Қойшыбаев облыс бойынша 90 типтік жобадағы мал қорымы пайдаланылып, әлі де 56 типтік жобадағы мал қорымын салу қажеттілігін атап өтті. Басқарма басшысы жалпы саланың материалдық-техникалық жарақтану жағдайын баяндады.

Аймақ басшысы ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандырудың, апаттық жағдайдағы ветеринариялық пункт ғимараттарын және типтік жобадағы мал қорымдарын салудың кезең-кезеңімен орындау жоспарын әзірлеп ұсынуды тапсырды. Облыс көлемінде тиісті ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы орындалуын ұйымдастыруды жүктеді.

Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласы әкімдерімен бірлесе жұмыс жасап, типтік жобадағы мал қорымдары мен сібір жарасы ауруының ошақтарын облыстық теңгерімге берілуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді. Арал ауданында қалыптасқан жағдайды күнделікті бақылауда ұстау қажет екенін айтты.

Тағы да оқыңыз: