Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова “Байқоңыр” ӘКК” АҚ басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаевты қабылдады.

Қабылдауда Темірхан Кенжебаев Аймақ басшысына корпорациясының жыл басынан бергі атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Темірхан Кенжебаевтың айтуынша, өңірде тұрақтандыру қорына қатысты бірнеше мәселелер бар. Қазіргі таңда корпорацияның қоймаларында 2 880 тонна азық-түлік қоры бар. Бірақ бұл облыс халқын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан бюджеттен қосымша қаржы қарастыру керек.

“Бүгін бізге қосымша 500 тонна картоп, 134 тонна қант келе жатыр. Кеше ғана бір вагон қарақұмық келді. Қостанайдан 100 тонна макарон өнімі жіберілді. Келісім-шарттарымыз бар. Ақша аударылса, қосымша жеткізіледі”, – деді корпорация басшысы.

Гүлшара Әбдіқалықова облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаражат мәселесі шешілетінін айтты.

Тағы да оқыңыз: