Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елордада өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Шыны зауыты құрылысына қатысты сауалға аймақ басшысы оның облыс үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі екенін айтып, жобаны іске асыру өзінің жеке бақылауында болатын айтты.
«Шыны зауыты – бұл облыс үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі. Сондықтан жобаны іске асыру менің жеке бақылауымда. Құрылыс алаңына үнемі барып тұрамын, зауыттың басшыларымен бірге туындаған мәселелерді шешудеміз. Біз өз тарапымыздан – зауыт үшін инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша барлық жұмыстарды орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау жұмыстары. Бұл жұмыстарды орындау елімізде жоқ, жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Өкінішке орай, карантинге байланысты былтырғы жылы жабдықты монтаждау үшіншетел мамандары келе алмады. Биыл мамандар Қытай елінен шығу үшін 2 кезеңнен тұратын ковидке қарсы вакцинация процесстерінен өтті. Сонымен қатар, олар Қытайдың әр аймағында тұратын болғандықтан, виза алу үшін, арнайы кесте дайындалды. Нәтижесінде, қазіргі таңда, алғашқы 35 шетелдік маман зауытқа келіп, негізгі қондырғы күйдіру пешін өруді бастады. Қалған мамандар кестеге сәйкес маусым айынан бастап келеді», – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда 147 қытай маманына ҚР Ведомствоаралық коммисияның шешімімен елімізге кіруге рұқсат алынды.
«Бүгінгі күні зауыттың құрылыс жұмыстары 81,4%-ға, қондырғыларды монтаждау 34,5%ға – орындалды. Балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт қажет. Осыған байланысты, зауытты іске қосу мерзімі биылғы жылдың II жартыжылдығына жоспарлануда. Атап өту қажет, шыны зауытының іске қосылуымен кемінде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Біз қазірдің өзінде шыны зауытының айналасында инвесторлармен 3 жобаны іске асыруды бастадық. Бұл – шыны талшық (1,5 млрд.теңге), айна (4,5 млрд. теңге), шыны ыдыс (10 млрд. теңге) өндірісі. Жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны құрылады», – дейді Гүлшара Әбдіқалықова.