Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова барша қызылордалықтарды қала күнімен құттықтады.

Құрметті қызылордалықтар! Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласы күнімен құттықтаймын!
“Әркімнің туған жері – өзінің Мысыр шаһары”, – деген халықта бір тәмсіл бар. Туған жер туралы ойласақ, сұлу Сыр-ананың сағасын бойлай, тоғыз жолдың торабында орналасқан сүйікті қаламыз – Қызылорданы мақтанышпен айтамыз.
Қызылорда – Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болған қала! Бұл жерде ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылды. Бұл жерде ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі жатыр.
Заман алға жылжып, тарих алмасқан сайын қала да, оның тыныс-тіршілігі де өзгереді, жаңа парақтары ашылады. Бұл – заңды құбылыс.
Екі ғасырдан астам тарихы бар Сыр елінің бас шаһары бүгінгі күні экономикасы дамыған, әлеуеті артқан қалаға айналды. Заманауи келбеті қалыптасты. Кеңейіп, ұлттық құндылықтар ұлықталып, сол жағалауда дамуда. Инженерлік, коммуналдық инфрақұрылым дамыды. Көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілуде.
Тұңғыш Президент саябағы, Рәміздер алаңы, Сыр ана монументі, сол жағалаудағы Рухани жаңғыру, Жастар орталықтары, Сыр сүлейлері аллеясы, әуежай кіреберісіндегі жаңа қақпа, екі жағалауды қосатын көпір, жаңа демалыс орындары, түрлі саябақтар, заманауи сауда орталықтары, қаланың әр бұрышында орналасқан түрлі архитектуралық кескіндер мен көздің жауын алатын әсем гүлзарларды көргенде, сүйсінесің. Ал, самаладай жарқыраған түнгі Қызылорданың келбеті бізді ерекше күйге бөлесе, сырт адам тамсана, қызыға әрі қызғана қарайды.
Алдағы уақытта қалада Қызылорда су торабын жаңғыртып, саябақ, аллея, мәдени, спорттық ғимараттар, ойын-сауық, сауда орталықтарын салу, тұрғын үй кешенін ұлғайту жоспарлануда.
Қай қала болмасын әуелі табалдырығынан, тазалығынан танылатыны белгілі. Тазалық, тәртіп, жарасымдылық болса еңбек те өнімді болып, адамдардың да көңіл күйі жақсаратыны анық. Ендеше, Қызылорда – ортақ үйіміз! Оның одан әрі көркейіп, гүлденуі – баршамызға ортақ іс.
“Дарияның жағасында бір қала бар” деп, ақындар жырға қосқан Қызылорда қаласының мерекесі құтты болсын!
Әр шаңыраққа шаттық, береке-бірлік орнасын!
Жайнай бер, жасара бер, жаңғыра бер, сүйікті Қызылордам!

Тағы да оқыңыз: