Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова “Қайырымды істер марафоны” жалпыұлттық жобасының облыстық деңгейдегі ашылу салтанатына қатысты. Ерекше жиынға қайырымдылықпен айналысып, волонтерлік көмек беріп, меценаттық қолдау білдіріп жүрген азаматтар шақырылды.

Аймақ басшысы марафон барысында қайырымдылық жасау адамзаттың бойындағы ізгі қасиет екенін ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Қайырымды қала» еңбегімен сабақтастанын атап өтіп, қиындық кезеңде көппен бірге көмек беріп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.

«Бүгінде әлем елдері терең әрі қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басты. Пандемия дүниежүзілік экономиканың даму үдерісін тежеп, қалыпты тіршілігімізге кері әсерін тигізді. Бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды. Осы тұста адамзат тағдыры кәсіби білікті мамандар мен іскер қоғам мүшелеріне, жомарт жүректі азаматтарға қарады. Эпидемиялық ахуалдың салдарымен күресте ел болашағына бей-жай қарамайтын сырбойылық азаматтар аталған сапта бой көрсетті.
Осы сәтті пайдалана отырып, қиындыққа мойымай, күрделі кезеңді еңсеруге атсалысқан ақ халатты абзал жандарға, құқық қорғау органдары мен әскери сала қызметкерлеріне, журналистерге, кәсіпкер меценаттарға, қайырымды жандар мен волонтерлерге және барша Сыр жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында түрлі бағыттарда қайырымдылықпен айналасын «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» Акционерлік қоғамы төрағасының міндетін атқарушы Болат Көшербаев, «Orda school» жеке мектебінің директоры Рауаш Әлиева, «Ел-Арай» қоғамдық қорының директоры, облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Асхат Байдәулетов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» төрағасы Анар Ізден, «Волонтерлар фронт-офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов сөз алып, ел игілігі жолында бірлескен жұмыстарымен бөлісті.

Қайырымдылық марафонында бейнебайналыс арқылы әр ауданнан ізгі істер атқарып жүрген бірқатар азаматтар әлеуметтік бағыттағы медицина, білім, әлеуметтік салалардағы атқарылған шараларын сөз етті.

Жиында туған жерге қызмет етіп, игі істердің жанынан табылып, ортақ іске жұмылған белсенді жанашыр азаматтардың атынан «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев Үндеу жолдады.

Өткен жылы облыста бюджеттен тыс қаражат көздерінен халықтың әлжуаз топтарына 1 млрд.634млн.теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. Ал, карантиндік шектеулер кезеңінде аймақтық «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы жекелеген санттағы 30 мыңға жуық адамға 50,0 мың теңгеден жалпы көлемі 1 млрд. 478 млн. теңге болатын бір реттік көмек берілді.

«Біз Біргеміз» қайырымдылық акциясы шеңберінде 12 мыңнан астам отбасыға 134 млн.теңгеге азық-түліктей және тұрмысқа қажетті заттар жиынтығы түрінде көмек көрсетілді. Ал, желтоқсан айында аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Шын ниетпен» қайырымдылық акциясы аясында 2430 адамға 27 млн.теңгегежуық қайырымдылық көмектер жасалды.

Мұнан бөлек, бастамашыл топ «Syr Volonterlary» орталығы азаматтық қоғам институттары, жастар ұйымдары және меценаттармен бірлесіп өңірімізде 521қайырымдылық шара өткізіп, 19669 адамға көмек көрсетілді.

Қайырымдылық марафоны соңында облыс әкімі қиындық кезеңде иық тіресіп, өңір халқының бірлігі мен болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген қайырымды жандар мен белсенді азаматтарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: