Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Сайлыбаевты қабылдады.

Қабылдауда Бақытжан Әбдіқалықұлы қоғамдық кеңестің қызметі мен жоспарлары туралы баяндады.

«Өзіңіз білетіндей қоғамдық кеңес – әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер бойынша пікір білдіретін дербес, байқаушы орган. Біздің кеңес бұқараны алаңдатқан өзекті жайттарды билікке жеткізіп келеді. 17 наурызда жылдық жұмыс жоспарды бекіттік. Қоғамдық кеңес әрқашан бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Бақытжан Сайлыбаев.

Облыс әкімі қоғамдық кеңестің ел өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, кез келген түйткіл түйінін тарқатуға атсалысу қажеттігін еске салды. Әсіресе, қазіргідей қиын жағдайда тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа, күш біріктіруге шақырудың маңыздылығына тоқталды.

«Бәріне белгілі қазіргі уақытта үлкен сынақтан өтіп жатырмыз. Әлемді жаулаған коронавирус бізді де айналып өтпеді. Бүгінгі ең өткір мәселе – осы індет. Сын сағатта қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрғындарды бірлікке шақыруы маңызды. Вируспен бірге күресіп, азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтауды түсіндіруіміз қажет», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, облыстық қоғамдық кеңеске 25 адам мүше. Құрамына мелекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері кіреді.

Тағы да оқыңыз: