Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Социалистік Еңбек Ері, еңбек ардагері Оразбай Әбішевтің 90 жасқа толуына орай құттықтап, құрмет көрсетті.

Өңір басшысы Оразбай Әбішұлының үлгілі еңбек жолына алғыс білдіріп, мерейтойына орай құттықтау лебізін жеткізді.

«Сыр елі өзіңіз секілді парасатты, ұлағатты азаматтарға бай. Аймағымыздың темір жол саласынын дамытуға зор үлес қостыңыз. Осы саланың ғылыми – техникалық жұмысына да белсене қатыстыңыз. 35 жыл бір салада еңбек етіп, көптеген тәжірибелі шәкірттер тәрбиелеп шығарғаныңызға алғыс білдіреміз. Карантиндік шектеулерге байланысты үлкен шаралар өткізуге мүмкіндік болмай отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын. Сіздің еңбек жолыңыз жастар үшін әрқашан өнеге», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында аймақ басшысы мерейтой иесіне облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының Құрмет грамотасын табыстады және қазақи дәстүр бойынша шапан жапты.

Сонымен қатар, шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік  Дүйсенбаев пен еңбек ардагері Қ.Рахметов қатысып, мерейтой иесін құттықтады.

Оразбай Әбішұлы – 1930 жылы 10 маусымда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Бірқазан ауылдық округінде дүниеге келген. 1938 жылы мектепке барып, 1942 жылы еңбекке араласып кеткен.

1949-1951 жылдары Қызылорда теміржол училищесінде оқып, еңбек жолын 1951 жылы паровоз жөндеу депосында слесарь қызметінен бастаған.

Өткен ғасырдың 50 жылдарының ортасында Қызылорда локомотив депосы теміржол жүйесіндегілердің алғашқысы болып тепловозға көшіп, 35 жылға жуық жұмыс атқарды. Оның еңбек кітапшасында бар болғаны бірнеше ғана жазу бар және бәрі де бір депоның ішінде.

Оразбай Әбішев 1981 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы, 2 мәрте Ленин ордені, «Октябрь Революциясының ордені», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі, салалық награда «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған.

Бүгінде Оразбай Әбішұлы Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жастар тәлімгері. «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ-ның Консультативтік кеңесінің мүшесі. Оның есімі Қазақ ССР-ның «Алтын кітабына» енгізілген.

Тағы да оқыңыз: