Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бұл індет көп шаңырақты қара жамылдырып, отбасын арқа сүйер азаматынан, асыл анасынан, ақылшы қарияларынан айырды. Осы сәтте сол отбасыларға қайғыра көңіл айтамын.

Ел арасында індетті жұқтырған елдің маңдайалды азаматтары да бар. Олар әлі де мемлекет үшін біраз дүние жасап, өз салаларында жетістікке жетер еді. Олардың қатарында өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз басын қатерге тіккен ақ халатты абзал жандар, халыққа қызмет етіп жүрген әкім орынбасарлары, билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған журналистер, өнерімен елді сүйсіндірген өнер иелері де бар. Еліміздің осындай асылдарынан айырылуы халыққа ауыр тигені анық.

Бұл індетті ауыздықтау өз қолымызда. Қазіргі таңда жауапты мамандар мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық іс-шараларды қолға алды. Оған қоса, халық та «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», қоғам белсенділеріне ілесіп, ажалмен арпалысып жатқан жандарға көмек беріп жатыр. Еріктілер де күндіз-түні тынбай дәрігерлерге көмек көрсетуде. Бұл біздің ауызбіршілігіміздің бар екендігін, өзгенің қайғысына немқұрайлылық таныта алмайтынымызды білдіреді.

Ендігі кезекте халық мамандардың кеңесін бұлжытпай орындап, сақтық шараларын ұстануы қажет. Тәртіпке бағынғанда ғана біз бұл індетті жеңе аламыз.

Ғазиз ҚЫРДАНОВ

Сырдария ауданындағы №44 орта мектептің мұғалімі

Тағы да оқыңыз: