Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығына барып, орталық жұмысымен танысты.

Жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және олардың қызметін дамыту үшін қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен мекеме директоры Сабыржан Кеңшілік кеңінен таныстырып, жастардың бастамасымен жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, мекеменің бірқатар қажеттіліктерін жеткізіп, алда тұрған жоспарларымен бөлісті.

Жастармен кездесуде еркін форматта пікір алмасып, сұхбаттасқан қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы «Біз елдің, бүгінгі жастардың болашағы үшін жұмыс істеудеміз. Біздің жақсы жұмыстарымызды жалғау бүгінгі жастарға артылар жауапкершілік. Сондықтан жастар талапшыл, еңбекқор, жан-жақты болу керек», – деді.

Сонымен қатар орталыққа келген жастарды кәсіпкерлікке баулуға көңіл бөліп, жұмысшы мамандықтарды көбірек насихаттап, қажетті мамандықтарды игеруге бағыт беріп, жас ұрпақтың өмірден өз орнын тауып кетуге көп күш жұмсау керектігін баса айтқан шаһар басшысы орталық жұмысын жандандыруға қатысты жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап «Біз сіздерден әрдайым жаңашылдық, креативті ұсыныс, жаңа идеялар күтеміз. Көңілден шығар бастамаларыңызды әрқашан қолдауға дайынбыз», – деді.

Тағы да оқыңыз: