Kyzylorda-news.kz. Бүгін Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.

Осындай ауыр кезеңде үн қату, халықты сабырға, ақылға шақырып, жақсы тілек-ниетімен бөлісу бұрыннан бар дәстүр. Қазақтың қамын ойлаған талай би-шешендеріміздің, абыз-ақсақалдарымыздың ел басына күн туғанда айтқан бір ауыз сөзі, жылы лебізі, жақсы ниеті халықты жеңіске жетеледі, белестерді бағындыруға, қиын күндерден аман-есен шығуына себепші болды.

Елбасымыздың бүгінгі үндеуі де қазақтың қанында бар, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан осындай игі дәстүрдің көрінісі.

Отыз жылға жуық ел басқарып, халқымызды талай тығырықтан шығара білген Елбасымыздың елі үшін алаңдауы, халқына қамқор көңіл-ниетін білдіруі де заңды.

Үндеуде ірі бизнес өкілдері мен қалталы азаматтарды халыққа қолдау, көмек көрсету мақсатында Республикалық қор құрып, демеушілік жасауға шақырды. Елбасы бастамасы талайға ой салып, көптеген азаматтар қаржылай көмек қолын созып жатыр.

Ізгілік пен мейірімділік, имандылық пен сабырлылық қашанда жақсылықтың бастауы. Лайым, халқымыз осы бір ауыр күндерден аман-есен шықсын деп тілейік!

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақ тілі, әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі

Тағы да оқыңыз: