Kyzylorda-news.kz. Базар маңынан өткенде тізіліп отыратын етікшілердің кәсібі, олардың қанша табыс табатыны үнемі қызықтыратын. Бірде жолым түсті. Бағасы әжептәуір болғанымен, бір қысқа жарамаған етігімді алып, базардан шеткерірек маңда отырған етікшілер «мекеніне» келдім. Байқағанымдай, барлығының қолы бос емес. Клиенттен айрылып қалмайын дегендей, бірінші отырған етікші жұмысын тоқта тұрып, қандай көмек қажет екенін сұрады.

«Жасауға болады» деген жауаптан соң, етікшінің жанына жайғаса кетіп, ақырын әңгімеге тарттым.

Мені қызықтырғаны, күнделікті табысы мен жаз мезгілінде қандай іспен айналысатыны болғандықтан, әңгімені осыдан бастадық. 

Етікті тігіп отырып, ол өз кәсібі туралы баяндай бастады. Айтуынша, күніне етікті жөндеуге қажетті құралдардан бөлек кемі 5 мың теңге табыспен қайтады екен. Айына 150 мың теңге табатынын айтқан етікші, өз ісіне шүкіршілік етті. 

Жалпы, етікшілердің жұмысы қызатын уақыт қыс мезгілі екені анық. Осыған орай кәсіп иесінен «жаздың күні пайда бар ма?» деп сұрадық.

«Күз басталысымен етікші кәсібіме ораламын. Бір аяқ киімді 1000-1500 теңгеге тігеміз. Жұмысына қарай бағасы да өсе береді. Жаз мезгілінде бұл істен пайда жоқ. Бірен-саран адам келіп аяқ киім жөндеткені болмаса, ол уақытта табыссыз қаламыз. Қазір қалада құрылыс жұмыстары көп жүріп жатыр. Сондықтан көктем шыққаннан бастап қара күзге дейін құрылыс басында жұмыс жасаймын», – дейді есімін атамауды өтінген етікші.

Оның айтуынша, құрылыста да мұндай пайда таппайды. Дегенмен, айлық жалақыға жұмыс жасап, бала-шаға қамын жасайды.

Етікшімен әңгіме барысында жұмыс істеймін деген адамға «екі қолға күрек табылатындығына» тағы көз жеткіздік.

Кәсібінен береке тапқан етікшіге «салық төлейсіз бе?» дегенде, риза кейіппен «жоқ» деп жауап берді.

«Қала әкімі жаяу жүргіншілер жолының бойында отырғандықтан, салықтан босатты. Бұл бізге көмек болды. Салық төлемейміз», – дейді етікші. 

Етікшімен әңгіме барысында, бұл маңда ұрлықтың көп орын алатынын байқадық. Базардың шет аумағындағы сатушылардан байқатпай тауар ұрлап, оны күнделікті бизнесіне айналдырғандар да бар екен. Солардың бірі әлгі етікшіге келіп, мың теңгеге екі шалбар бар екенін ақырын ғана хабарлап кетті.

Оңай жолмен нәпақа табуды көздеген ұры, бұл тірлігін екі күннің бірінде қайталап тұратын көрінеді. Оның алғашқы клиенттері осы – етікшілер. Қолына іліккенді қойнына тығып, осы маңға қарай зулап келіп, арзан бағада өткізетін көрінеді.

Ұрының ішімдікке әуестігі көрініп-ақ тұр. Заңсыз әрекетінен тапқан-таянғанын ішімдікке жұмсайтын секілді. Сәлден соң етікші бұл ойымды растағандай ишара танытты.

Етікшіден кеңес

Етікшінің айтуынша, аяқ киімге үнемі арнайы крем жағу зиян. Бұл етіктің қаттыланып, былғарының суықта сынуына әкеп соғады. Оған қоса, етіктің желімденген аумақтары ашылып, табаны ажырай бастайды. Арнайы кремнің орнына, бетке немесе қолға арналған арзан кремдерді жақса, жылы жерде тұрған етік суыққа шыққанда да жұмсарып тұрады. Оның үстіне желімдердің ажырауына жол бермейді. Етіктің өңі кіріп, жылтырай түседі. Сондай-ақ етіктің сыдырмасына (замок) кір сабынды жақса, ол да ұзақ уақытқа дейін сақталады. Әсіресе балалар аяқ киімінің сыдырмасына кір сабын жағып тұрған жөн. Етікшілердің айтуынша, сыдырмаға май жағуға болмайды. 

P.S. Етікші – елене бермейтін кәсіп. Оны көпшілік менсінбейтіні де белгілі. Дегенмен, бала-шағаның қамы үшін қытымыр қыстың суығына шыдап, жан баққан етікшінің еңбекқорлығы көпке үлгі. Әсіресе, «жұмыс жоқ» деп, екі қолға бір күрек таппаған жастарға ой салары анық.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: