Kyzylorda-news.kz. Пандемия кезеңінде ерекше еңбегімен көзге түскен еріктілерге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет «Халық алғысы» медалін табыстады.

Сыр волонтерларының көмегімен өңірімізде сегіз мыңнан аса мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4870 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табыс етілді.

Құрбан айт кезінде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің үйлестіруімен Қызылорда қаласында 3 830, аудандар бойынша 3 431 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. «Хикмет» қайырымдылық қорының демеушілігімен 1 000 отбасыға азық-түлік түріндегі көмек берілді. Бұл шараларға меценаттар, мешіт қызметкерлері мен автоволонтерлер жұмылдырылды.

«Халық, ел ішінде жүрген өз батырларын, қайсар азаматтарын білуі қажет. Жұқпалы індетке қарамастан елдің қамы, халықтың денсаулығы үшін күрескен волонтерлардың игі істерін біз жастарға кеңінен насихаттауға тиіспіз», – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Мемлекет басшысының «ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ» медалімен суретші Аманкелді Кененбаев, спортшы Илья Ильин, артист Ұжым Баймаханов және волонтерлар Үйтолған Жәрекеева, София Әбдіразақова, Ерлан Мұсаев, Ольга Чебакова, Алмат Жүсіпбек, Жақсат Исаева, Талғат Меңдібаев марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қоғам белсенділеріне облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Тағы да оқыңыз: