Kyzylorda-news.kz. Коронавирустың таралу қаупіне байланысты қоғам белсендісі Мұрат Телібеков қазақстандық имамдарды жұмада намазды уақытша ашық аспан астында өткізуге шақырды.

«Адамдардың жабық жерде көп шоғырлануы денсаулыққа айтарлықтай қауіпті және инфекцияның таралуына ықпал етеді. Мешіт ғимаратында жұма намазын оқудан уақытша бас тартып, жамағатқа сыртта намаз оқуды ұсыну керек», – дейді өзінің ұсынысында Мұрат Телібеков.

Сонымен қатар ол өзінің ұсынысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығын қолдауға және оны еліміздегі барлық мешіттерге таратуға шақырды.

Қоғам белсендісінің бұл ұсынысына орай Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өз пікірін білдірді.

«Үкімет отырысында мешіттер, сауда орталықтары сынды көп адам жиналатын жерлерде коронавирустан алдын алу шараларын, тазалық сақтау, дезинфекция мәселелерін қолға алу туралы нақты тапсырмалар берілді. Мешіттерге айтылған ұсыныс бойынша бас имамдардың өздері шешім қабылдауы керек. Ашығын айтқанда, Алланың алдында ниет қылу мешіттерде ғана емес, әрбір азамат үйінде де немесе өзіңіз айтқандай ашық аспан астында да ниет қыла алады. Бұл – әрбір азаматтың өз құқығы. Дегенмен, адам көп жиналатын жерлерде бұл мәселені ескеруіміз керек. Оңтүстік Кореядағы коронавирустың тарауына діни орындар да ықпал етті. Соны да ескеруіміз қажет және азаматтарды сақтандыруға тиіспіз», – деп жауап берді Е. Тоғжанов Үкімет үйіндегі брифингте журналист сауалына.

Ал, қоғам белсендісінің ұсынысы мен Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың бұл пікіріне орай Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы әлі жауап берген жоқ.

Тағы да оқыңыз: