Еңбек министрі: Әкімдер қаладан өңірлерге қайтқан жастарды жұмысқа шақыруы керек – Kyzylorda News
Басты бет

Еңбек министрі: Әкімдер қаладан өңірлерге қайтқан жастарды жұмысқа шақыруы керек

02.04.2020, 10:00

441 0

Kyzylorda-news.kz. Әкімдер қаладан өңірлерге қайтқан жастарды жұмысқа шақыру әрекетін жасауы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Үкіметте қабылданып жатқан шаралардың барлығының негізгі мақсатының бірі – халықты жұмыспен қамту. Оның ішінде негізгі құралы қабылданған жаңа «Жұмыспен қамту» жол картасы болмақ. Жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге қарастырылды. Әкімдер жол картасына кіретін жобаларды іріктеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде алғашқы мәліметтер бойынша жол картасына 7 мыңнан астам жоба енгізілді. Оның ішінде 300-ден астамы өндіруші, келешегі бар, жаңа жұмыс орындарын құратын және алдағы уақытта өңірлердегі халықтың игілігіне қалатын әлеуметтік-инфрақұрылымдық активтер болатын жобалар. Аталған жобалар аясында 242 мың жұмыс орны құрылады», – деді министр.

Оның айтуынша, жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгеден төмен емес. Жол картасының талабы мен шарттары бойынша аталған жобаларға кемінде 90 пайыз отандық жұмысшылар мен қызмет көрсетушлер тартылуы тиіс. Бұған қоса, жұмысқа тартылатын адамдардың кемінде жартысы жұмыссыз жастарға басымдық беріле отырып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылуы қажет.

«Ел Президентінің тапсырмасы бойынша ірі қалаларға өңірлерден келіп жұмыс істеп, бүгінде жұмыссыз қалған жастар өз өңірлеріне қайтып, Жол картасына қатысуға ниет білдірсе, жұмысқа кірген күні бір мезеттік 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы алатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мобильдік бекеттер құрып, оларды жұмысқа шақыру әрекетін жасауы тиіс. Бүгінгі жағдайда жол картасы бойынша жұмыссыздарды қабылдауда жергілікті жұмыспен қамту орталықтарының электронды жүйелерді толығымен қолдануын әкімдіктер ұйымдастыруы керек», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің дерегінше, жол картасы бойынша іске асырылатын жобалардың 35 пайызы әлеуметтік саладағы нысандарға қатысты, 34 пайызы инженерлік-көліктік инфрақұрылымдарды жаңғыртуға бағытталған, 14 пайызы тұрғын үй-коммуналдық жүйе мәселелерін шешеді және 17 пайызы елді мекендердің абаттануына, көркеюіне алып келеді.