Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстанда баспана бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған ең біріншіден, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану туралы заң себеп. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік сатып аламын деушілердің саны 10 проценттен 20 процентке дейін күрт өседі деген болжам бар.

Елімізде баспана сатып алуға деген сұраныс жыл сайын артпаса кеміген емес. Өткен жылы 94 мың 737 тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл да баспаналы болғысы келетіндер көп. Бірақ баға қымбаттайды дейді сарапшылар. Оның да сан түрлі себептері бар екен. Ең алдымен елімізде 720 мыңнан астам адам зейнетақы қорындағы қаражатын  пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

“Кез келген өзгеріс бұл нарыққа әсерін береді. Міндетті түрде. Сол себептен де жылжымайтын мүлік нарығына әсерін тигізеді деген сенімдемін. Бірақ өсу енді 10-15 процент болуы мүмкін. Одан әрі өсуі мемлекет тарапынан реттелуі мүмкін. Бірақ қазір байқап отырсаңыз желтоқсаннан бастап нарық 8-10 процентке өсіп отыр. Сол себепті әсерін тигізеді. Және де бағасы қымбаттайды”, – қаржылық кеңесші Күнікей Нұрлан.

Елімізде тұрғын үйдің бағасы өткен жылдың екінші жартысынан көтеріле бастаған. Оған әлемдік пандемияның да әсері болыпты. Яғни құрылыс қарқыны бәсеңдеген. Шет мемлекеттерден әкелінетін құрылыс материалдарының тапшылығы, уақытында жеткізілмеуі, жұмысшылардың карантин шектеулеріне байланысты ауысыммен жұмыс істеуі ықпалын тигізген.

“Тұрғын үйдің бағасы қымбаттай бастады. Жаздың ортасынан бастап. Не себепті деп қарайтын болсақ, оған негізгі әсер еткен себеп, оған мемлекеттік бағдарламалар болды. Әсіресе мына «Алматы жастары» деген бағдарлама. Сол кезде 3000-ға жуық адамға тұрғын үй берілді”, – GSB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халықов.

Сарапшылар жаңа жобаның баспана нарығына қаншалықты әсер ететіні мамыр айында белгілі болады дейді. Зейнетақы қорындағы қаражатын алушылардың басым көпшілігі бұған дейін алған ипотекалық қарыздарын жабуға тырысады. Кейбірі ақшаны емделуге жұмсайды. Ал үй сатып алғысы келетін азаматтардың саны 100 мыңға жуық. Сондықтан баспана бағасы қатты қымбаттамайды дейді мамандар.

Хабар 24

Тағы да оқыңыз: