Kyzylorda-news.kz. 2014 жылдан бастап,жүзеге асырыла бастаған «Серпін – 2050» жобасы елдегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі. Қазірхалықтың игі жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Ол жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Осы кезде «Серпін – 2050» жобасы қанатын кеңге жаюда. 

Десек те көпшіліктің көкейінде әліде бірқатар сауал бар. Олар әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі төңірегінде болып отыр. 

Серпіліс беретін мүмкіндіктер

Бүгінде мемлекетте кәсіби білім алған мамандардың жетіспеушілігі сезіледі. Сол себепті деосындай жүйенің жандануына ел үлкен үміт артады. "Серпін – 2050" әлеуметтік жобасы еңбек нарығындағыөңірлік үйлеспеушілікті теңдестіруге және жастарға кәсіби білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Қабылданған жоба бірінші кезектемыңдаған жас бойжеткен мен бозбалалар үшін сапалы тегін білім алуымен ерекшеленеді. Бұл жұмыс берушілермен талап етілген кәсіпті игеруге мүмкіндік беретін білім және түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыру да негізгі шарттарынан саналады.

"Серпін – 2050" жобасын іске асыру 2014-2015 оқу жылы республиканың 25 колледжінде 37 мамандық бойынша басталды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде солтүстік өңір колледждерінде 1000 түлек оқытылды.Келесі оқу жылындааталған тапсырыс арттырылып, 1200 орынды құрады. Сонымен қатар жұмыс берушілердің белгілі бір кәсіби салалардағы мамандарға мүдделі болуына сәйкес бағдарлама бағыттары кеңейтіледі. Талапкерлер "Тігін өнеркәсібі және киімді модельдеу", "Темір жолдарының құрылысы, жол және жол шаруашылығы", "Мұнай және газ кен орындарын пайдалану", "Жол қозғалысын ұйымдастыру", "Өрт қауіпсіздігі" сияқты қызықты әрі талап етілген мамандықтар бойынша білімін шыңдай алады.

Әрбір өңірде талапкерлер қажетті ақпаратты ала алатын "Серпін – 2050" штабтары ашылған. Жастардың кәсіби және мобильділілігін арттыру мәселелерін жедел және уақытылы басқару үшін Үйлестіру кеңесі құрылған.

Оңтүстіктен солтүстікке қарай

Бағдарламаға бай тәжірибесі және тарихы бар колледждер қатысады. Сондай оқу мекемелерінің бірі – Қостанайға қарасты Жітіқара қаласындағы политехникалық колледжін бітірген Сыр өңірінің тумасы Дастан Рысбеков өз таңдауына өкінбейді. Үздік материалдық-техникалық қоры мен педагогикалық қызметкерлерінің білікті құрамының арқасында колледж «Серпін – 2050» жобасына қатысқан. Мұнда бірінші курстан бастап оқуды бітіргенге дейін өндірістік жағдайларға бейімделген мамандарды мақсатты дайындау жүргізілді. Таңдаған мамандық бойынша білім берудің дуальді жүйесі енгізілген. Оқу жоспарлары мен бағдарламаларында уақыттың басым бөлігі кәсіпорындардағы тәжірибелік оқытуға бөлінген. Колледжде студенттерді зерттеу және ғылыми-тәжірибелік жұмысқа жобаларды дайындау, конференцияларда сөз сөйлеу, зияткерлік ойындар, пікір-талас сияқты оқыту нысандары арқылы тарту үшін жағдай жасалған. Студенттер конкурстар мен жарыстарға белсенді атсалысты.

Дастанның айтуынша, колледжде бағдарламаға қатысатын оңтүстік өңірлердің студенттерімен кездесуге асқан жауаптылықпен және ынтамен дайындалды. Барлық грант иегерлері тұрмысқа жайлы жатақханаға жайластырылды. Бөлмелер жаңа жиһазбен жабдықталып, онда қолайлы тұру үшін қажеттінің бәрі: теледидар және төсек-орын тысынан бастап ас-үй заттарына дейін орналастырылды. Жатақханада студенттердің өзекті мәселелерін шешу үшін күнделікті әкімшілік кезекшілік белгіленді.

– Біздің кезде «Серпін – 2050» бағдарламасында әлеуметтік жақтың мұқият ойластырылғанын атап өтуге болады. Соның арқасында студенттерге арналған асханада 3 реттік тегін тамақтану ұйымдастырылды. Әрбір студентке сыртқы қысқы киімді сатып алу үшін 64 820 теңге мөлшерінде ақшалай қаржы аударылды. Оқушылар үшін демалыс уақытында екі жаққа қарай жол жүру ақысы бөлінді. Ай сайын шәкіртақымызды да уақытылы алып тұрдық. Шүкір, жаман болмадым. 2 курста жүріп, Мәдениет сарайында жарты ставкамен жұмыс істедім. Қазір осында көркемдік жетекшімін. Шаңырақ көтердім. Жан жарым Жанеркемен екі ұл тәрбиелеудеміз. Қызмет орнымның ықпалымен екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бұл бағдарламаның берері көп. Жастар қорықпай, солтүстікке келіп, қазақыландыруға үлес қосса, нұр үстіне нұр. Жұмысқа да орналасуға еш кедергі жоқ, – дейді жас маман. 

«Серпін – 2050» бағдарламасының игілігін көрген қатысушылар қатарында қазалылық әпкелі-сіңлілі Жансая мен Ақмарал Асановалар да бар. Ақмарал ұзақ күткен жоғары білімін растайтын дипломын қолына алды. Ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетін қызыл дипломмен тәмамдады. 

– «Серпін – 2050» бағдарламасы менің бағымды ашты десем артық айтқандық емес. Осыдан төрт жыл бұрын ҰБТ-ғы көрсеткішім Алматы, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарына қабылдануға жетпей қалды. Сол кезде ата-анам «Серпін – 2050» бағдарламасымен білім алуға кеңес берді. Дереу шешім қабылдап, оқуға аттандым. Бұйыртса, 4 жыл алған білімді Қызылордада жалғастырып, магистратураға құжат тапсыруды ойластырудамын, – деді Ақмарал Асылбекқызы.

Бағдарламаның берері көп 

«Серпін – 2050» жобасы оңтүстік өңірлерден шыққан студенттерге өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін қолға алынды. Бағдарламаны әзірлеудің мақсаты – демографиялық және көші-қон үдерістерінің ықпалына бейім Қазақстанның еңбек нарығын дамыту болды.
Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бүгінгі күні бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Әлеуметтік нысандар, үй, мектеп, балабақша, жетпейді. Қанша адам оқу бітірсе де жұмыссыз жүр. Мектеп бітіргендер коллдеждерге оқуға түсе алмайды – себебі үміткерлер көп болғасын, орын жетіспейді. Еңбек күші артқан соң кадрлық сұраныс аз болады. Бұл – нарық экономикасының заңдылығы. Оқуды бұрын бітіргендер жұмыссыз жүргендіктен грант та аз бөлінеді. Керісінше еліміздің кейбір өңірлерінде қадр тапшылығы өте өзекті болып тұр. 

Өз кезегінде еліміздің солтүстік өңірлерінде, керісінше еңбек мамандарының жетіспеушілігі бар. Мұның себебі – туудың төмендігі және сыртқы көші-қон. Демек өңірлер болашақта да еңбек ресурстарының жетсіпеушілігін сезінетін болады. Осындай үдерістер кезінде өңірлік теңгерімсіздік, бірінші кезекте адамдардың республика аумағында біртекті қоныстанбауы күшейеді. 2021 жылға дейін еңбек нарығына жаңа қызметкерлер ағынының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары туудың төмен болуына орай төмендеуі күтіледі.
Көші-қон ағындарын тиімді басқару есебінен ғана демографиялық құлдырауды өтеу және еңбек ресурстарының орнын толтыру мүмкін. Бұдан басқа, жыл сайын елдегі мектептерден 11-сыныпты бітірген қаншама түлек оқумен қамтылмай, еңбек нарығына біліктіліксіз шығады. Солардың көбі оңтүстік өңірлерден. Ал бүгінгі міндет – оқушыларды кәсіби білім алуға ынталандыру.

Бүгінде жастарға мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін зор жауапкершілік артылуда. Сол үшін кешегі студенттерге дипломын алған соң біліктілігі жоғары жұмысшылар қатарын толықтыру бағытында барлық қажетті мүмкіндік қарастырылуда. Ал "Серпін – 2050" жастарға оқу және жұмысқа орналасу үшін бірден-бір мүмкіндік.

Тағы да оқыңыз: