Динара Жаңабергенова: Мұғалімдер арасында коронавирустың 23 дерегі тіркелді – Kyzylorda News
Басты бет

Динара Жаңабергенова: Мұғалімдер арасында коронавирустың 23 дерегі тіркелді

05.10.2021, 16:00

263 0

Kyzylorda-news.kz. Аймақта санитарлық эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен тәулікте коронавирус індетімен 12 жағдай тіркелді. Ал толыққанды емделіп шыққандар 95 пайызды құрап отыр. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингті облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов облыстағы эпидемиологиялық жағдай мен вакцинация жұмыстарын баяндады.

«Соңғы күндері өңірде санитарлық эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты 26 қыркүйектен бастап облысымыз «жасыл аймақ» қатарына енді. Бүгінде облыс бойынша инфекциялық стационарда 252 науқас ем алып жатса, реанимациялық бөлімде 30 науқас індетпен күресуде. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда індетті ауыздықтаудың бірден бір жолы – вакцинация. Бүгінгі күні І компонентімен екпе алғандар саны – 302 864 адамды құрады. Бұл тиісті контингенттің 78,6%. Ал ІІ компонентті – 261 031 адам ектірді. Тиісті контингент 65,1%», – деді Жангелді Шайымбетов.

Облыста дәстүрлі оқу жүйесі басталғалы бері 193 оқушыдан коронавирус анықталды. Басым бөлігі қала мектерінен табылған. Бұл мәселеге қатысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова баспасөз алаңынында ақпарат берді.

«Бүгінгі күні 157 сынып 14 күнге карантинге жіберілді. Сондай-ақ дәстүрлі оқу жүйесіндегі мектеп мұғалімдері арасында КВИ-дің 23 дерегі тіркелді. Байланыста болғандар анықталып, эпидемияға қарсы тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар облыста карантин талаптарының сақталуын қадағалау бойынша мониторинг жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері рейдтік тексеру барысында 14 525 нысан қамтылды. Нәтижесінде 793 нысанан карантин талаптарын бұзу дерегі анықталды. Бүгінде аймақта аурушаңдықтың тәуліктік көрсеткіші төмендеу тенденциясы бар. Дегенмен сақтық шараларын орындау әлсіремеуі тиіс. Әсіресе адам көп жиналатын орындарда бетперде режимі мен әлеуметтік ара қашықтық сақтауды ұсынамыз. Облыс бойынша вакциналау қарқыны да жаман емес. Дегенмен вирустың түрлі штамдарына төтеп беру үшін белсенділікті әлі де арттыру қажет», – деді Динара Жаңабергенова.

0

Пікір қалдыру