Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданы әкімінің міндетін атқарушы Димаш Байдушевтің төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы болып, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.

Аудан әкімдігінің кезекті отырысы басталмас бұрын аудан әкімінің міндетін атқарушы кадрлық тағайындауды таныстырды. Конкурс нәтижесінде Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне Жәнібеков Берік Съездұлының лауазымды қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе 2021 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы болды. Бұл бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасады.

Бөлім басшысы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларында инвестиция және құрылыс жұмыстарының индикаторынан басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы байқалатынын жеткізді. Өз кезегінде биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,0 пайызға өскенін айтты.

Келесі мәселе аудан бюджетінің 2021 жылғы 6 айдың қорытындысымен атқарылуы туралы аудандық қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағамбетова баяндап, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің атқарылуы барысын назарға ұсынды. Сонан соң «Жұмыспен қамту Жол картасының 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында облыстық бюджеттің ішкі көздерінің қаражатынан берілетін кредиттер есебінен биылғы жылға 2 нысанға қаржы бөлінгенін айтты.

Жоғарыда аталған мәселелер кеңінен талқыланды. Барлық мәселелер бойынша алдағы уақытта кемшіліктер жібермеуді айтып, атқарылатын бірқатар жұмыстарға байланысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Отырыстың қорытындысында аудан әкімінің міндетін атқарушы апта сайын аудандағы әлеуметтік нысандардағы жылудың жайына мониторинг жасап, хаттамалық тапсырмаларға сәйкес бірінші кезекте мектептердің жылу беру маусымына дайындығын үнемі бақылауда ұстауды аудандық білім бөлімінің басшысына тапсырды.

Тағы да оқыңыз: