Депозит ашарда нені білу керек? – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Депозит ашарда нені білу керек?

26.09.2020, 13:15

208 0

Kyzylorda-news.kz. Q-econ – экономиканы қызық әрі қарапайым тілде түсіндіретін Instagram-парақша. Оның авторы, экономист Мәулен Орынбасар Massaget.kz порталына депозит ашудың қыр-сырын, банкті қалай таңдау керегін және депозиттегі валюта туралы айтып берді. 

Депозит – инвестицияның бір түрі. Оның негізгі мақсаты – ақшаны көбейту, яғни депозит деген – банкте сақталған ақшаны білдіретін қаржылық термин. Банк бұл ақшаны айналымға жіберіп, пайда табады. Осылайша депозит иесіне пайыздық мөлшерлеме төлейді. Депозит банк үшін қарыз ақша болғандықтан әрқашан салымшыға қайтарылады. Қазақстанда депозиттің үш түрі бар.

Мерзімсіз депозит. Ешқандай шектеусіз ақшаны алуға, салуға болады.

Мерзімді депозит. Ақшаны салуға лимит жоқ, салымды жартылай шығарып алуға болады, бірақ пайыздық мөлшерлемеден айырылып қаласыз.

Жинақ депозиті. Ақшаны шығаруға максимал лимит қойылған. Ең көп пайыздық мөлшерлеме осы депозитте болады.

Депозитте ақша ұстағанның қандай пайдасы не зияны бар?

Жақсы жақтары:

Оңай/қарапайым. Басқа инвестиция түрлерімен, қаржы құралдарымен салыстырғанда, әлдеқайда оңай. Депозитті бір ашқан соң, мерзімі аяқталғанша ол туралы бас қатырмайсыз. Қолайлылық үшін Қазақстанда көптеген банк депозитті онлайн ашу қызметін ұсынады.

Тұрақты пайыздық мөлшерлеме. Депозитті ашқандағы пайыздық мөлшерле оның мерзімі аяқталғанша сол күйінде сақталады. Мысалы, сіз 12% депозит ашсаңыз, кейін нарықтағы депозит пайыздық мөлшерлемесі 9% түссе, сіздікі 12% болып қала береді.

Сіздің ақшаңыз бұғатталады. Әдетте ақшаны жұмсауға ештеңе кедергі бола алмайды, бірақ ақшаңыз жедел депозитке салынған соң оны импульсті сатып алулар үшін пайдалана алмайсыз. Бұл ақша үнемдеуді жеңілдетеді.

Депозитіңіз мемлекет арқылы кепілдендірілген. Қазақстандық депозиттердегі кепілдік жүйенің арқасында риск жоқ. Егер депозит ашқан банк банкрот болса, 15 миллион теңгеге дейінгі негізгі салымды (пайыздық мөлшерлемені емес) мемлекет өтейді.

Жағымсыз жақтары:

Тұрақты пайыздық мөлшерлеме. Бұл оң әрі теріс жақтары да болуы мүмкін. Мысалы, сіз 10% депозит ашсаңыз, кейін барлық банктер 13 пайыздық мөлшерлемемен депозит аша бастаса, өкініп қалуыңыз мүмкін.

Төмен табыс. Депозит – ең қауіпсіз, сондай-ақ ең төмен табысты инвестицияның бірі. Егер ақшаңызды басқа инвестиция түріне аударсаңыз (құнды қағаздар, жылжымайтын мүлік), пайыздық мөлшереме әлдеқайда көп болады.

Ақшаңыз құлыптаулы. Тез арада ақшаңыз керек пе? Егер ақша банк шотында болса, бұл проблема емес. Бірақ егер сіздің ақшаңыз мерзімді депозитте болса, сізге айыппұл төлеуге және банкке 31 күн бұрын хабарлауға тура келеді.

Депозитке ақша саларда нені білу қажет? 

Келісімшартта қаражатты орналастыру және пайыздық мөлшерлеме төлеу талаптары, салымды қайтару (толық немесе ішінара) талаптары, оны толықтыру мүмкіндігі туралы талаптар, салым мерзімі, банк салымы шартын ұзарту талаптары туралы жазылады. Әдетте олар жарнамада көрсетілгеннен өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан банк депозитінің шартына қол қойғанға дейін оны мұқият зерттеу өте маңызды. Депозит ашуды жоспарлап отырған банктің сайтымен танысыңыз. Әдетте олар келісімшарт үлгілерін сайтқа жариялайды және депозит ашпас бұрын оның мәтінімен танысып алсаңыз болады.

Банкты қалай таңдаймыз? 

Депозит ашпас бұрын, банк жайлы, оның ұсынатын депозит түрлерін анықтап алған дұрыс. Ұлттық банк сайтында көп ақпарат бар. Одан да құнды ақпаратпен Қазақстан қор биржасының сайтынан білуге болады. Мұнда әр банктың толық статистикасын қарауға болады. Алдымен депозитті қандай мерзімге ашқыңыз келетінін біліңіз. Егер ұзақ мерзімді депозит ашқыңыз келсе (он екі айдан көп), онда банк рейтингіне, қаржылық тұрақтылығына мән беріңіз.

Депозитке ақша саларда қандай қауіпті ескеру керек?

Рискті бағалау үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мүшелерімен танысып алған дұрыс. 2020 жылдың қыркүйегіндегі мәліметке сәйкес, 24 банктің депозиттері кепілдендірілген (банк бір жағдайға ұшыраса, ақшаңыз қайтарылады). Олардың тізімі ҚДКБҚ сайтында жарияланған.

Табыстың неше пайызын депозитке салған дұрыс?

Қаржы мамандарының арасында 50/30/20 ережесі кең таралған. Табысыңыздың 50%-ын қажетіңізге (needs), 30%-ын қалауыңызға (wants), 20%-ын инвестицияға (savings) аударыңыз.

Өсім жайлы не білу қажет?

Барлық депозитке арналған бір формула жоқ. Депозит түріне қарай ондаған формула бар.

Ақшаны депозитте сақтаған жөн бе әлде қолда ұстаған дұрыс па?

Әрине, депозитте. Адамдардың ақшаны қолда ұстағаны экономикаға кері әсер етеді. Адамдар үшін де тиімсіз. Себебі жылдық инфлияцияның әсерінен ақша құнсыздана береді. Жастық астында жатқан ақшадан гөрі, депозитте аз болса да, өсіп жатқан ақша әлдеқайда пайдалырақ. Экономика үшін де қаржының айналымда болғаны өте маңызды.

Қандай валютада сақтаған дұрыс?

Депозиттегі валютаның дұрыс-бұрыстығы кейін ақшаны қай валютада жұмсайтынына байланысты. Қазақстандықтардың көбі теңгеде сақтағанды жөн көреді.

Банк банкротқа ұшырағанда қайтарылатын кепілді сома қандай?

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 61-1-бабына сәйкес, депозиттерді Қазақстанның Депозиттерге Кепілдік Беру Қоры қорғайды. Егер банк лизенциясынан айырылса,  депозиттерді қайтаруды ҚДКБҚ өз жауапкершілігіне алады. Оған қазір 24 банк мүше.

Кепілдіктер мынадай:

Автопролонгацияны (келісімшарт мерзімін автоматты түрде ұзарту) өшірген дұрыс па?

Бұл сұраққа нақты иә не жоқ деп жауап беруге болмайды. Кейбір адамға автопролонгация өте қолайлы – артық әуресіз депозит әрі қарай жалғасады (банк кеңсесіне барудың қажеті жоқ). Кейбір келісімшартта пролонгация туралы жазылады. Егер депозит мерзімінен кейін әрі қарай ұзарғанын қаламасаңыз, депозит аяқталардан бір күн бұрын депозитті жауып, салымды алып алыңыз. Егер келісімшартта пролонгация көрсетілмесе, мерзімі аяқталған соң депозиттегі салым бірден ағымдағы шотқа аударылады. Есте сақтайтын маңызды нәрсе – пролонгация кезінде пайыздық мөлшерлеме өзгеруі мүмкін.

Massaget

0

Пікір қалдыру