Kyzylorda-news.kz. Бүгін бірнеше сағат бұрын жарық көрген Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №10 қаулысымен жіті танысып шықтым. Қаулыға сәйкес, аймақта карантин шаралары күшейтіліп, көптеген қоғамдық орындардың жұмысы тоқтатылыпты.

Мәселен, Қаулыда коронавирустық инфекцияның  5 және одан жоғары жағдайы тіркелген ауылдық елді мекендер қоршалатаны,  карантиндік аумақтар Қызылорда облыстық полиция департаменті, Қызылорда облысында орналасқан әскери бөлімдердің сарбаздарын келісім бойынша тарта отырып патрульденетіні жазылған.

Бұл – өте дұрыс шешім. Себебі, карантин талаптарын сақтамай, бұл қауіпті індеттің таралуы тоқтамайды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан бір науқас 80 адамға індет жұқтырғанын оқып отырмыз. Біздің облыстағы 43 науқас та – бір ауылдың тұрғындары. Олардың көбісі індетті той-томалақ пен кешкі басқосулардан жұқтырғаны айтылып жатыр.

Сондықтан, қатаң карантин талаптарын қолға алмаса, бұзған жағдайда шара қолданбаса болмайды. Өйткені, бір ғана адам бүкіл ауылға зиянын тигізуі мүмкін.

Қаулыдағы жеке көліктің облыс, қала, аудан және ауылдық аймақ ішіндегі қозғалысын шектеуге байланысты өзгерістер енгізілуі де көңіл қуантады.

Сондай-ақ, Қаулыға сәйкес, екінші деңгейдегі банктерге, «Қазпошта» АҚ филиалына, айырбастау пунктеріне, пошталық, коммуналдық, телекоммуникациялық қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдарға банктердің ғимараттары мен мекемелерінде, бөлімшелерінде, төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда қызметкерлер мен клиенттердің (пирометрлермен, қашықтық термометрмен) температурасын өлшеуді міндетті түрде сақтауды, кезектерде (1,5 метрден кем емес) ара қашықтықты сақтауды, бетперделік режимді, санитариялық-дезинфекциялық талаптар мен ережелерді қатаң сақтай отырып, халықты тиісінше қабылдауды ұйымдастыруды, үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта, оның ішінде банкоматтар, кассалар жанында ұйымдастырылмаған кезектердің болуына жол бермеуді тапсырғаны дұрыс.

Енді, әркім өзінен бастап осы қағидаларды қатаң сақтауы керек.

Сонда ғана, бұрынғы мамыражай, уайым-қайғысыз, арқа-жарқа күндерге тезірек оралатынымыз шындық.

Дәулетбек АЙМАҒАНБЕТОВ,

қала тұрғыны.

Тағы да оқыңыз: