Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 143 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 12 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 143 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 12 жағдай анықталды. Оның үшеуі – Қызылорда қаласынан болса, тоғызы – Жаңақорған ауданынан. Осы 12 науқастың 11-і – бұрын анықталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандардың арасынан анықталып отыр. Ал, 1 науқас – Жезқазған қаласынан вахталық әдіспен жұмыс жасап келген. Қауіпті індет жұқтырғандардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 143 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2162. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1128, потенциалды байланыста болғандар – 1034 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 137, правизорлық стационарда – 21, карантиндік стационарда – 455 адам бақылауда.

Басқарма басшысы атап өткендей, 1 (Б) елдерінен 17 адам келген. Қазіргі таңда оның төртеуі – стационарда, 13 – үй жағдайындағы карантинде бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, облысымызда анықталып отырған науқастардың санынан қорқудың еш қажеті жоқ. Себебі, дәрігерлер қауіпті індетке шалдыққандарды анықтаудың белсенді сатысына көшкен.

«Облысымызда анықталған науқастардың санынан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, біз өңірде қауіпті індетке шалдыққандарды анықтаудың белсенді сатысына көштік. Себебі, неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емдеу шаралары тез басталады. Өзінің нәтижесін береді. Осы тұрғыда, дене қызуы көтеріліп, ЖРВИ белгілері байқалған болмаса өкпесі қабынған тұрғындарды дер кезінде дәрігерлерге қаралуын сұраймыз», – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірге сырттан келіп жатқандардың арасында коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артып отырғандығын мәлімдеді.

“Біздің өңірге сырттан келіп жатқан адамдар туралы қандай да бір дерек білсеңіз, тұрғылықты жері бойынша аймақтық медицина мамандарына хбарласуыңызды сұраймыз. Себебі, бүгінгі таңда сырттан келгендердің арасынан коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны артып отыр. Егер қауіпті індет жұқтырған ошақты, ол науқаспен қарым-қатынаста болғандарды дер кезінде анықтасақ, оның әрі қарай таралуына жол бермейміз”, – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 143 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 21, Жаңақорған ауданында – 28, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 59, Сырдарияда – 25, Арал – 4, Қазалы ауданында – 2 жағдай тіркеліп отыр.

Тағы да оқыңыз: