Kyzylorda-news.kz. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинағын алу кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Салық зейнетақы жинақтары төлемін алған кезде салынады. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасына салық салу тәртібін айқындау мақсатында Салық кодексі «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері» көрсетілген 351-1-бабымен толықтырылды», делінген хабарламада.

Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ салық агенті ретінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес есептелген біржолғы зейнетақы төлемін алушының және (немесе) уәкілетті оператордың банк шотына аударған кезде ЖТС есептейді. ЖТС біржолғы зейнетақы төлемінің сомасына Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10%) қолдану арқылы есептеледі.

«БЖЗҚ Салық кодексінің 351-1-бабының 2-тармағына сәйкес салымшы таңдап алған, келесі екі тәсілдің бірі бойынша жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды және мемлекеттік бюджетке аударуды жүргізеді:

1) Салық кодексінің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру күнінен кешіктірмей, бір-ақ рет;

2) зейнетке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша).

Салымшының ЖТС төлеу тәсілін таңдау жөніндегі шешімі оның уәкілетті операторға берген өтінішінде көрсетілуі тиіс», делінген хабарламада.

Салымшы ЖТС-ты бір-ақ рет ұстап қалу туралы өтініш берген жағдайда БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асырған кезде ЖТС-ты біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан бірден ұстап қалады.

Мысалы:

салымшының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге

зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі = 3 500 000 теңге

біржолғы зейнетақы төлеміне қолжетімді сома= 8 500 000 – 3 500 000 = 5 000 000 теңге

біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі есептелген табыс = 5 000 000 теңге

ұстап қалынатын және бюджетке аударылатын ЖТС сомасы= 5 000 000*10%= 500 000 теңге

төлем көзінен ұсталған ЖТС шегерілген біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі табыс сомасы= 5 000 000 – 500 000 = 4 500 000 теңге.

«Салымшы ЖТС-ты ай сайын тең үлестермен ұстап қалу туралы өтініш берген кезде БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру кезінде ЖТС сомасын ұстамай, мемлекеттік бюджетке аудармай есептейтін болады. Есептелген ЖТС-ты ұстап қалу және аудару жеке тұлға зейнетақы жасына жеткен кезде БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде тең үлестермен жүзеге асырылады», делінген хабарламада.

Қордың мәлімдеуінше, егер салымшы бірінші тәсіл – ЖТС-ты дереу толық көлемде төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ол өтініште алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі ЖТС-ты шегере отырып көрсетуі тиіс. Егер салымшы ЖТС төлеу мерзімін ұзартуды пайдалану туралы екінші тәсілді таңдаған болса, онда ол өтініште алуға сұраныс жасалған соманы ЖТС-ты шегерусіз көрсетуі қажет.

БЖЗҚ беретін үзінді көшірмеде салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін екі сома да көрсетілген. Салымшы көрсететін, алуға болатын сома БЖЗҚ-дан оның уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына түседі.

Тағы да оқыңыз: