Бүгіннен бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде космомониторинг іске қосылады – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Бүгіннен бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде космомониторинг іске қосылады

01.01.2021, 11:00

204 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер ресурстарын басқару комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану тапсырмасының орындалу барысы туралы алқа отырысы өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі баяндамашы – ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы Г.Бимендина Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік ауыл шаруашылығы жерлерінің космомониторингін енгізу үшін заңнамалық база дайындағанын және пайдаланылмайтын жерлерге салық мөлшерлемесі 20 есеге артқанын айтты.

Бұл пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау процесін едәуір жеделдетті. 2020 жылы 8 млн-дай пайдаланылмаған гектар анықталды. Бұл – 2016, 2017 және 2018 жылдары атқарылған жұмыс көрсеткішінен жарты миллионға артық.

«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында барлық дайындық жұмысын аяқтап, 2020 жылы бірқатар облыста жерді космомониторингтеу бойынша пилоттық жоба енгізуді тапсырған болатын. Аталмыш тапсырмаға сәйкес космомониторинг бойынша сынақ жобасы Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылды. Бұл аймақтар кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі дәл осы аймақтардан жер пайдалану саласы бойынша ең көп шағымдар келіп түскен еді», – деді Бимендина.

Оның айтуынша, 4 өңірде 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталды. 

«Оның ішінде 0,7 млн га – егістік және 7,6 млн га – жайылымдық жерлер. Мемлекеттің меншігіне 4,2 млн га жер қайтарылды, 4,8 млн га жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Бұл жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылаудың күшейтілгенін, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың қатаңдатылғанын көрсетеді», – деп толықтырды Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы.

2020 жылдың желтоқсанында пилоттық жоба өз жұмысын аяқтады. Сынама сәтті болғандықтан, Үкімет 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл республика аумағында «космомониторингті» енгізу туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар ҚР АШМ ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік айналымға тарту мәселесін жүйелі шешу үшін екі заң жобасын әзірлеп ұсынды. Олар жер қатынастарын цифрландыру, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен қайтарып алу мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды көздейді.

Заңға енгізілетін өзгерістер – жер заңнамасын жетілдіруге, жер учаскелерін беру тәртібінің рәсімдерін жеңілдетуге, жер қатынастары саласындағы қызметтерді цифрландыру арқылы халықтың мемлекетпен өзара іс-қимылын қысқартуға бағытталған.

0

Пікір қалдыру