Бүгін Рейхстагқа ту тіккен күн – Kyzylorda News
Басты бет

Бүгін Рейхстагқа ту тіккен күн

30.04.2021, 11:00

138 0

 Kyzylorda-news.kz. Бүгін – қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәлелденсе де, мойындалмаған шындық. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың 1945 жылғы 30 сәуірде Берлин операциясы кезінде көрсеткен ерлігін бір ауыз сөзбен осылай сипаттауға болады.

Ал жеңісті сәттің символына айналған әйгілі суретте Рақымжан Қошқарбаевтың болмауы ақпаратты екшеп қабылдауға мүмкіндігі жоқ адамдарды жиі адастырады. Сондықтан сол бір әйгілі суреттің қысқаша тарихына тоқталуды жөн көрдік.

Фотосурет 1945 жылы 2 мамырда шайқастар тынып, Берлинді кеңес әскерлері толығымен басып алған кезде түсірілген. Оның авторы «ТАСС Фотохроника» тілшісі Евгений Халдей болатын.

Рейхстаг маңындағы қанды шайқас 28 сәуірде басталып, 30 сәуір күні алғашқы туды Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тігеді. Бұл факт Ресей Президенті Владимир Путинге тарихшы Болат Асанов жолдаған хаттың жауабында нақты жазылған.

«2005 жылы РФ Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы В.Путиннің атына лейтенант Қошқарбаевқа қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді сұрап жеделхат жолдадым. Бір ай дегенде Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жанындағы әскери тарих институты арқылы жауап алдым. Жауапта: «Әскери тарих институтының қызметкерлері тексеру жүргізді, жерлесіңіздің ерлігі толық расталды» деп анық жазылған», – деп еске алады Болат Асанов.

Ал Евгений Халдейдің суреті 2 мамыр күні, Берлин толықтай кеңес әскерінің бақылауына өткен тыныш кезеңде түсірілгенін айттық.

«Аргументы и факты» газетінің сайты бұл оқиғаны былай сипаттайды.

«Берлинге фотограф редакциялық тапсырма бойынша келген еді. Бірақ ол тарихи сәтті түсіре алған жоқ. Фототілші түсірілім орнына жеткенде шайқас баяғыда тынған болатын. Рейхстагтың әр тұсында қызыл жалаулар ілініп тұрды. Ал фотографқа ту тігіп жатқан сәтті бейнелейтін сурет керек еді. Евгений Халдей өзіне бірінші жолыққан сарбаздардан көмек сұрайды. Олар бірден келіседі. Фото кейіпкерлері 8-ші гвардия армиясының жауынгерлері Алексей Ковалев (суретте ту «тіккен» сол), Абдулхаким Исмаилов пен Леонид Горичев еді. Жұмысы біткен соң Халдей туды жинап алып, жөніне кетеді. Евгений Халдейдің қызы Анна Халдейдің айтуынша, «Тасс» редакциясындағылар фотосуретті тұмардай қастер тұта қарсы алыпты. Фотосурет баспасөзге жарияланар кезде редактор аяқ астынан басуға тыйым салады. Сөйтсе, жауынгер Исмаилов екі қолына екі сағат тағып түскен екен. Яғни, екі сағаттың бірі «соғыс олжасы» еді. Кеңес идеологиясына қайшы әрекетті суреттен жою үшін редакциялауға тура келеді.

Символикалық суреттің бірнеше рет редакцияланған ресми нұсқасы

Барлық қателіктерге қарамастан, фотосурет жарық көрді және ол бірден Жеңіс символына айналды. Кейін Евгений Халдей фототілші ретінде Нюрнберг процесін де түсірді».

Тағы бір деректерде суреттің ұрыс біткен соң түсірілгенін жасыру үшін артқы көріністерге түтін мен бұлт қосылғаны айтылады. «РИА Новостидің» жазуынша, түпнұсқа сурет қазір Мәскеудегі Еврей музейінде тұр. Оны бір кәсіпкер фотографтың қызы Анна Халдейден сатып алып, музейге сыйласа керек.

Ресейдегі Еврей музейінде тұрған түпнұсқа сурет

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды. Ал 1999 жылы оған ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.

0

Пікір қалдыру