Kyzylorda-news.kz.  Биыл, дәл бүгін адам баласының ғарышқа ұшқанына 60 жыл толды. Осы датаға орай елордадағы Ұлттық музейде дөңгелек үстел өткен болатын. Сол шара барысында «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Ерғазы Нұрғалиев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саладағы қиындықтар қалай еңсерілгенін баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелге негізінен астана мектептерінің оқушылары шақырылған болатын. Жай кезде әскери тәртіппен жүріп-тұрып, регламенттен ауытқымай сөйлейтін ғарыш саласының өкілдері балалардың алдында ағынан жарылып әңгіме өрбітті. Солардың ішінде Ерғазы Мейірғалиұлы Нұрғалиевтің сөзін жас жеткіншектер ұйып тыңдады.

Қорқыттың сәуегейлігі

«Әңгіменің басында мен өзімнің Байқоңыр ғарыш кешенінде 30 жыл тұрып, жұмыс атқарғанымды айтып кеткім келеді. Осы балалар сияқты кезім, 1-класта оқып жүрген едік. Бір күні директор шақырып алды да, «Бүгін ғарышқа алғаш адам ұшты. Сондықтан сіздерді сабақтан ерте босатамыз» деп үйімізге жіберді. Сол күні қуанғаным әлі күнге дейін есімде. Ауылда тұратын едік. Жердің бәрі балшық, аяғымызда резеңке етігіміз бар. Үйге ерте қайтқанымызға мәзбіз. Бірақ жол бойы ойланып келе жаттық. Қайта-қайта аспанға қарап, Гагаринді көріп қалатын шығармыз деп үміттеніп жүрдік. Бала үміт деген қандай, көрдіңіз бе?

Содан бастап мен кішкене күнімнен аспанға әуес болдым. Ауылымыздың үстінен халықаралық әуе жолы өтетін. Ұшақтың дыбысы деген ерекше ғой. Ішіп отырған асымды тастап, сыртқа жүгіріп шығып, ұшақтардың соңынан қарайтынмын. Әлі күнге дейін сөйтемін. Ұшақ кетіп бара жатса, бәрін тастап соны көруге асығам.

Содан ержетіп, институт бітірдім. Алғашқы алған мамандығым – сәулетші. Алматыға жұмысқа кетем деп жиналып жүргем. Институтта әскери кафедраны оқығаным бар еді. Сол әскери кафедрада «Жерасты зымырандарының шахталарының құрылысы» деген екінші мамандық берген. Бітіріп жатқан жігіттердің бәрін шақырып алды. Ол тұста халықаралық жағдайлар шиелінісіп тұрған болатын. Бізді армияға алып кетті. Мен Байқоңырға 1978 жылдың 7 тамызында пойыздан келіп түсе қалдым. Оның не екенін ол кезде біз білмейміз. Өйткені істеліп жатқан жұмыстардың бәрі құпия болатын. Бірақ сол жерге келгеніме өкінбеймін. 2 жыл сонда әскери борышымды өтедім. Біраз қиындықтар көрдім. Бірақ сол қиындықтар мені шыңдады.

Жалпы Байқоңыр деген ерекше киелі жер. Ол жер тегін жер емес. Тоғызыншы ғасырда «Осы жер – жердің кіндігі» деп ұлы философ, музыкант, Қорқыт бабамыз тегін айтпаған екен. Жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарының аяғында Сергей Королев деген ұлы конструктор ғарыш кешеніне жер іздегенде осы жерді келіп таңдаған ғой. Солайша үлкен ғарыш кешені салынды.

Тоқыраудан құтқарған қадам

Бұл өткен ғасырдағы дүниежүзі бойынша ең ірі ғарыш кешені болатын. Жұмысы жағынан да, көлемі жағынан да, ұшырып жатқан зымырандар саны бойынша да теңдесі жоқ еді. Енді қазір ғылыми-техникалық прогресс қатты дамып жатыр. Бүгін осы ғарышты игеру жағынан 5-6 мемлекет көш бастап келе жатыр. Оның ішінде Ресей, Америка, Үндістан, Қытай, Жапония және тағы басқа мемлекеттер бар. Ал 1991 жылы Кеңес одағы тарады да, оған кіретін 15 мемлекеттің әрқайсысы өз алдына дербес мемлекет болып құрыла бастады. Сол кезде Байқоңыр ғарыш кешенінің жағдайы мүшкіл еді. Инфрақұылым қараусыз қалып, сол жерді бақылауда ұстап тұрған әскерилер Ресейдің армиясына қосылып жатқан. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 12 қаңтарында ең алғаш Мәскеуден Байқоңырға ұшып келді. Келді де қаланың активін, әскери басшыларды жинап, сол жерде кеңес өткізді. Мен ол кезде сол Байқоңыр атқрау комитетінің бірінші орынбасары болатынмын. «Байқоңыр» ғарыш айлағын енді одақтас мемлекеттер бірігіп қолдану керек, тоқтатпайық, бар күшімізді салайық» деп жұмылдырып кетті. Сол 1991 жылдың 19 тамызында Байқоңыр ғарыш кешені Қазақстанның меншігі болып, Президенттің жарлығымен бекітілді. Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылы Байқоңырға тағы 2 рет келді. 12 сәуір күні Байқоңыр ғарыш кешенінде осы кезге дейін теңдесі жоқ шоу өтті. Адам баласының ғарышқа ұшуына 30 жыл толуына арналды. Сол шоуды Президент алғаш келген кезде қазақстандық басшыларға тапсырған болатын. Тарихтан білесіздер, кейде экраннан да беріп жатады. Сол кезде әлемдегі ең алып «Мрия» деген ұшақ «Буран» деген ең алып ғарыш кемесін тиеп әуеде шоу көрсетті. Шараға 9 мемлекеттің Президенттері шақырылды. Ол кісінің оны істеп жүргендегі мақсаты – әлгі мемлекеттердің бәрін жұмылдырып, Байқоңыр ғарыш кешенін қалай да сақтап қалу. Сол еңбек зая кеткен жоқ. Байқоңыр ғарыш кешені содан бастап қайтадан тоқыраудан шыға бастады.

Үш жұлдыз

Сол жылы 2 қазан күні Елбасы Байқоңырға үшінші рет келді. Бұл жолы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті ғарыш сарапына шығарып салу үшін келген еді. Осы кісінің тынбай істеген еңбегінің арқасында 3-4 жылдан кейін Байқоңырғарыш кешенін бірігіп пайдалану жөнінде Ресей мен Қазақстанның арасында халықаралық келісім жасалды. Сол келісімнің арқасында Байқоңыр ғарыш кешені бүгінгі қалпында сақталып, бүкіл дүниежүзінің ғарыш әлеміне өзінің қызметін жасап келе жатыр.

Қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта үш мәрте болды. Бірінші рет 1994 жылы борт инженері болып ұшты. Борт инженер деген сол ғарыш кемесінің бүкіл халықаралы ғарыш кешенінің жұмысын қадағалап отыратын маман. Екінші рет 1998 жылы, үшінші рет 2001 жылы ол кісі ғарыш кемесінің командирі болып ұшты. Бұл кісі қазір қазақтың ішінен ғарыш кемесінің командирі болып ұшқан жалғыз қазақ. Сонымен бірге үш сапарында 341 тәулік ғарышта уақыт өткізіп, 5 рет ғарыш кеңістігіне шығып, жұмыс істеді. Үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов – «Қазақстан Ғарыш сапарының» бірінші ғарышкері. Ол кісі 2015 жылы ғарышқа борт инженері болып аттанды. Міне сіздердің үш бірдей ағаларыңыз ғарышты игеруге осындай еңбек сіңірген.

Қазір Айдын Айымбетов біздің «Қазақстан Ғарыш сапары» деген ұлттық копанияның басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет істеп жатыр. Ал осы Қазақстан ғарыш кемелері кәсіпорындарын құрылуына да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өте зор. Өйткені сол 1994 жылы ғарышқа Талғат Мұсабаев ұшар кезде оған елге қайтып, қызмет ету туралы ұсыныс айтқан болатын.

«Қазақстанға келіп, Ресеймен бірлескен «Бәйтерек» деген үлкен зымыран тасығыш жасағалы жатырмыз. Соны салуға өзің басшы болы» деп шақырды. 2004 жылы Талғат Мұсабаев Ресеймен біріккен кәсіпорынның басшысы болып, елге оралды. Ресейде ғарышкерлер дайындайтын оқу орнының директорының орынбасары болатын. Сол қызметті тастап, Қазақстанға келді. Осылайша «Бәйтерек» кәсіпорнының жұмысын түгел жолға қойып, сондағы жұмыстарды ыңғайластырғаннан кейін ол кісіні Елбасы Ұлттық ғарыш агенттігін құруға, сол жерге төраға болуға шақырды.

Ғарышта екі көз, екі құлағымыз бар

Бұл 2007 жыл болатын. Аталмыш агенттік 2007-2014 жылдары жұмыс істеді. Сол кезде ірі-ірі жұмыстар жасалып, Қазақстанда ғарыштың әр түрлі бағытымен айналсатын 6 кәсіпорын құрылды. Ол кәсіпорындарға қосымша кәсіпорындар құрылып, бүгін олардың саны 10-нан асты. Соның ішінде ұлттық компания мәртебесін алып отырған «Қазақстан Ғарыш сапары» да бар.

Біздің өз арамызда мынадай термин бар. «Ғарышта қазақтың екі құлағы мен екі көзі бар». Екі құлағы дегеніміз – KazSat-1 және KazSat-2 деген байланыс аппараттары. Олар қазақстанға ғарыштық байланыс береді. Сондықтан да біз оны қазақтың ғарыштағы құлағы дейміз. Ал көзі деп отырғанымыз – «Қазақстан Ғарыш сапары» компаниясы жасап ұшырған, бүгін елге қызмет көрсетіп отырған KazEOSat-1 және KazEOSat аппараттары. Өйткені олар бәрін жоғарыдан көріп, керек жерде түсірілім жасап, ел экономикасына да, ғылымына да қызмет етіп жатыр.

Дүниежүзінде 15-20 мемлекет осы ғарыш қызметімен айналысып жатыр десек, Қазақстанның солардың ішінен алғашқы ондықа кіретін толық құқығы бар. Өйткені Қазақстанда өзінің ғарыш аппарттары бар, ғарыштық байланыспен, ғарыштық навигациямен айналысып отыр, жерді ғарыштан зерттеп, ғарыштық ғылымды жолға қойған және зымыран жасау технологиясын меңгеруге кірісіп кетті. Сонымен бірге, «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Францияның алдыңғы қатарлы кәсіпорнымен бірігіп «Ғалам» деген кәсіпорын құрды. Сол «Ғаламның» ішінде ғарыш аппараттарын жасауды жобалайтын, сол аппараттарды жасап және әр түрлі зерттеулерін жүргізетін мамандар дайындап отыр. Осы «Ғаламның» қызметкерлері ағылшындық кәсіпорынмен бірлесіп бесінші ғарыш аппаратын өз қолдарымен жасап шығарды. Ол аппарат қазір ғарышта ұшып жүр. Сол аппараттың тетіктерін зерттеп, Қазақстан өзінің өндірісінде қолдана алады. Міне Қазақстан ғарыштық державалардың қатарына өстіп кіріп отыр. Оның бәрі 1991 жылдан бері жасалып келе жатқан тынымсыз еңбектің арқасында мүмкін болды.

Болашақта ғарышқа мамандар дайындалады. Өйткені қазір біз қазақстандық ірі оғары оқу орындарында кафедралар ашуға көмек беріп отырмыз».

Тағы да оқыңыз: