Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін, білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесіне басымдықпен назар аударуда. Әрине, бүгінде мемлекеттің басты мәселелерінің бірі жұмыссыздық деңгейін төмендету болып отыр. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты бір жолға қою күн тәртібінде тұр.
Дегенмен бұл тұста мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Халық арасындағы жұмыссыздықты азайту, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайды реттеу бағытында түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Қайтарымсыз грант, төмен пайыздағы несиелер шағын және орта кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау болса, мемлекеттік мекемелерден өтетін жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны сынды жобалар жастардың қоғамда өз орнын табуға септігін тигізуде.
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыссыздарды таңдау құқығы берілді. Мәселен, бос жұмыс орындары туралы мәліметтер электронды еңбек биржасы ақпараттық жүйесі арқылы қолжетімді түрде ұсынылады. Ал болжанатын жұмыс орындары туралы мәліметтер «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады.
Осы орайда, Жалағаш ауданында жұмыссыз азаматтар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге келгендердің басым бөлігі аудандағы шартты түрде жазасын өтеп жатқан азаматтар мен пробация есебіндегілер болса, ауылдық жерлерден келгенден мен жастар да табылды.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы ұсынылатын бос жұмыс орындарын таныстырып өтіп, жұмыссыз жастарға да тиімді бағдарламалардың барын айтып, сол бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.
«Биыл 30 қарашаға дейін аудан жастары арасында жұмыссыздықты төмендету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 1 500-ден аса жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 905-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 7, жастар практикасымен 201, қоғамдық жұмысқа 220, ұрпақтар келісімімен 4, алғашқы жұмыс орнымен 16 жас жіберілді. Ал 162 жас мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал қысқа мерзімді оқумен 5 адам қамтылса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмысқа 290 жас орналасты. NEET санатындағы жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында жастар практикасына биылдан бастап қатысушылардың жалақысы 76 575 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, ұлғайса, бұл шараға 29 жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады. 30 қарашаға дейін 201 адам жолданып, жоспар 103 пайызға орындалды», – деді орталық директоры.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 29 жасқа толмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастарға алған кәсібіне, мамандығына сәйкес жұмыс орындарын құруды көздейді. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, ал қатысу мерзімі 12-ден 18 айға дейін ұлғайған. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды кемінде он екі ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті. 30 қарашаға дейін ауданда аталған жобамен 16 адам жолданып, жоспар 133,3 пайызға орындалған екен.
«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына да 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатыса алады екен. Аталған жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін артқан, қатысу мерзімі де тиісінше 6 айға дейін. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38 бабына сәйкес, тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Жоғарыда аталған субсидияланатын жұмыс орындар уақытша сипатта болады және бұл орындарға орналасқан адамның еңбек қызметінің кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Орталық директоры биыл аталған жобамен 30 қарашаға дейін ауданда 5 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалғанын айтады.

