Kyzylorda-news.kz. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко өзінің қорғауындағы азамат тағы бір іс бойынша күдікке ілінгенін айтты, деп хабарлайды SputnikҚазақстан.

Куряченконың айтуынша, автоматтандырылған ақпараттық жүйені 17,8 миллион долларға жеткізу туралы істі тергеу барысында Біртановтан бірнеше рет кінәсін мойындауды талап еткен, бірақ экс-министр үзілді-кесілді бас тартқан. Осыдан кейін, адвокаттың айтуынша, экс-министрді жаңа қылмыстық істер қозғаймыз деп қорқыта бастаған.

Адвокаттың пікірінше, экс-министр коронавируспен ауырған уақытта оны санитарлық авиация арқылы Тараздан Нұр-Сұлтанға жеткізген кезде заң бұзушылыққа жол берілгені туралы істің тергеле бастауы дәл осы жағдаймен байланысты.

“7 сәуірде тергеуші оны (Біртановты) санитарлық авиация туралы іс бойынша шақырған кезде, ол тергеушіге қоқан-лоққы жасалып жатқанын түсіндіріп, өз құқығын пайдаланып, түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ тергеуші кім қоқан-лоққы жасағанын бірден анықтамады. Бес сағаттан кейін ғана қимылдай бастады. Бұл оның (тергеушінің) қоқан-лоққы туралы айтпай-ақ білетінін болжауға негіз болды. Ал алдыңғы күні (12 мамырда) тергеуші Біртановты COVID-19 індетін жұқтырған уақытта оны Тараз қаласынан Нұр-Сұлтанға тасымалдау кезінде бюджет қаражатын талан-таражға салған күдікті ретінде таныды”, – деді Біртановтың адвокаты.

Оның айтуынша, ол өзінің қорғауындағы азаматтың айналасындағы жағдайдың өрбуі қатты таңғалдырған.

“Қатты таңғалдым. Менің түсінуімше, әлгі істе оны (Біртановты) қудалауға ешқандай себеп жоқ. Шындығында ақылға қонбайтын нәрселерді ойлап тапқан. Бірақ бұл жағдайды осы (жаңа) іспен түзетуге тырысып жатыр”, – деді Куряченко.

Еске сала кетейік, мамыр айының басында сот Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартты.

Бұған дейін белгілі болғандай, Біртановты үйқамақта ұстау шарты жеңілдетілді – оған үйден сағат 8:00-ден 19: 00-ге дейін шығуға рұқсат етілді. Сонымен қатар, ол коммерциялық құрылымға жұмысқа орналасты.

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотында ешқандай сыбайлас жемқорлық қылмысын жасамағанын мәлімдеді.

Прокурордың айтуынша, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов “платформаның жұмыс істемейтінін біле тұра” және “Олжас Әбішевпен (бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі) алдын ала келісу арқылы 2018 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 17 емдеу мекемесінде платформаны пилотты негізде пайдалану туралы бұйрыққа қол қойған.

“Елжан Біртанов, Олжас Әбішев және басқа да тұлғалар өздерінің қылмыстық іс-әрекеті арқылы сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салып, мемлекетке ірі көлемде, нақтырақ айтсақ, 1,5 миллиард теңге немесе 4,1 миллион доллар көлемінде материалдық шығын келтірген”, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Біртановтың қорғаушылары экс-министрдің кінәсіздігін алға тартып отыр.

Тағы да оқыңыз: