Kyzylorda-news.kz. Қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі Бибігүл Төлегенова өнерде жолы болғанымен, жеке өмірінде бағы ашылмағанын айтады. “Астана” телеарнасындағы “Оңай емес” бағдарламасына берген сұхбатында өнер иесі “Әйел болу оңай емес” деген пікірін білдірді.

“Бәрін жайғастыратын әйел ғой, үйленіп жатқандарға  “Айналайын, сен барғанда сүйікті келін бол, инабатты бол, жақсы жар бол” деп айтамын. Мен жақсы жар болуға тырыстым, бірақ бола алмадым, күйеуімнен ішкіш болған соң екі баламен қашып кетуге тура келді. Өнерім арқылы осы дәрежеге жеттім, әйтпесе мені ешкім қолдаған жоқ, көтерген жоқ, мені тек ұра берді (өмір – ред.), мен көтере бердім. Сондықтан кез-келген адамның бетіне тік қарай аламын. Өнер жағынан мен бақытты болдым. Тек күйеулерден қиындық болды, “маған қатын керек, тамақ істеу, кір жуу, қонақ күту керек” деп, а бірақ мен бәрін істедім, дегенмен командировкадан қазанымды көтеріп келе алмаймын ғой, жұдырығы дайын тұрады, қой дедім, күйеуден жолым болмаған шығар деп. Менің бағым – менің елім”, – деп бөлісті опера әншісі жеке өмірінің көпшілікке беймәлім парақшаларымен. 

Жуырда 90 жас мерейтойын атап өткен әншінің қызы ғылым докторы, физик екен, ізінен қуып, өнер жолын таңдаған Мариямгүл қызын осыдан 12 жыл бұрын жоғалтқанын айтты.

“Ұлдан қыз жақын екен, үлкен қызым маған қолғанат, сүйретіп жүр, өзінің жұмыстары да басынан асып жатыр” деген әнші балаларының өз атында жүргенін “Бірінші жолдасыммен регистрацияға тұра алмадым, сондықтан екі қызымды атыма жаздырттым. Ал екінші күйеуіммен ажырасқанда алимент төлегісі келмеді, сондықтан баламды да өз атыма жаздырттым” деп түсіндірді. 

“Театрда бірсыпыра жақсы-жақсы дүниелерді орындадым, үстімнен арыз жазғандар көп болды, бұл филармония әншісі, опера әншісі емес деп, бір шеті өзі тілімнен де таптым, кейін өсе келе, тілді “қысқарту” керек екенін түсіндім”, – деп бөліседі Бибігүл апай.

Әнші атағы опера театры емес, филармония әншісі ретінде шыққанын және барлық атақтарды филармонияда жүріп тапқанын айтады.

Ұзақ ғұмыр жасаудың айнымас бір бөлшегі – аралас-құралас болып, жақын араласқан адамдардың көз алдында өтуі. Осы туралы сауал қойған жүргізушіге әнші:

“Өте көп жақын достар болмады, Лязиза Имашева, Гульфайруз Исмаилова, Фатима Балғаева өті жақын досым болды. Өкінішке орай, олардың барлығы кетіп қалды, осы күнге Ермек, Роза Бағланова, Роза Жаманова жете алмады. Күләш апай мүлдем жап-жас 45 жасында кетіп қалды. Қазір жалғыз қалдым. Менің арманым тек балаларым, немере-шөбере аман болсын, жастар аман болсын”, – деген тілегін айтты өнер иесі. 

Әнші осы күнге жеткеніне қуанышты екенін айтып, жас келе адамның тек келбеті емес, сонымен қатар дауысы да өзгеретінін тілге тиек етті.

“Дауыс диапазоны қысқарады, мысалы қазір мен “Бұлбұлды” айта алмаймын, жоғары ноталарын ала алмаймын”, – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: