Bek Air ұшқышы Тоқаевтан көмек сұрады – видео – Kyzylorda News
Басты бет

Bek Air ұшқышы Тоқаевтан көмек сұрады – видео

17.02.2020, 18:20

408 0

Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның Халық қаһарманы, ұшқыш Дмитрий Родин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұжымдық үндеуді оқыды. Ұшқыш Bek Air әуе компаниясына сертификатты қайтаруға қолдау көрсетуді сұрап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған апаттан кейін компания сертификаты алынған болатын.

«Біз Қазақстан азаматы, Bek Air әуе компаниясының ұшқыш, бортсерік, инженеріміз. 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған жағдайға байланысты қазақстандықтардың қайғысына ортақпыз», – деп бастады өз сөзін Родин.

Сондай-ақ, ұшқыш Қазақстанның авиациялық әкімшілігі шешімімен компанияның сертификаты тоқтатылғанын айтты.

«Қазіргі уақытта тергеу аяқталған жоқ. Радиограммада компанияның Қазақстанның авиациялық ереже талаптарын бұзуы туралы айтылмаған», – деді ол.

Бұл әуе компаниясы ұшуды жалғастыра алмайды деген сөз. Алайда ұшқыштар бұған негіз жоқ деп отыр.

Бұған дейін әуе компаниясының қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұраған еді.

Дмитрий Родин кім?

Дмитрий Родин 1961 жылдың 31 тамызында Алматыда туған. Қазақстанның Халық қаһарманы атағына ие болған ұшқыш.

Ол 27 наурыз күні алдыңғы шассиі жоқ Fokker-100 ұшағын Астана әуежайына қондыра білді. Ұшақ бортында 116 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған еді. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші пилот жансақтау бөліміне түскен.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды.