Kyzylorda-news.kz. Алматы маңында Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырауына байланысты қазақстандық Bek Air әуекомпаниясының қызметі оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін тоқтатылды. Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификаты 2019 жылы мамырда берілді. Борттың шығарылған мерзімі – 1996 жылдың сәуір айы. Қазақстандық тізілімге 2016 жылғы 26 тамызда тіркелді (куәлік нөмірі 940). Bek air әуекомпаниясында 9 ұшақ тіркелген. Оқиғаның анық-қанығы жағдайлары мен себептері анықталады. Қазіргі уақытта пайдаланушы сертификатын және Bek air авиакомпаниясының ұшу жарамдылығын Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тоқтатты”, – делінген хабарламада.

Бүгін сағат 07:22-де Bek Air әуе компаниясының № Z2100 Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсі ұшу кезінде биіктікті жоғалтып, бетон қоршауға соғылған. Нәтижесінде екі қабатты ғимаратпен соқтығысқан. Бірден құтқару жұмыстары басталды, өрт шыққан жоқ. 

Қаза тапқандардың саны – 15. Премьер-министрдің тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылды, оны вице-премьер басқарады. Комиссия құрамына индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Комиссия оқиға орнына барады. Оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері анықталады. Апат жағдайлары анықталғанға дейін осы типтегі әуе рейстері уақытша тоқтатылады. 

Еске салайық, бүгін таңда Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе апаты салдарынан 7 адам қаза тапқанын мәлімдеген. Кейін желіде құлаған ұшақтың суреттері тарала бастады. Артынша Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті ұшағы құлағаннан кейін шұғыл желі ашылғанын хабарлаған.  Тоқаев әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан болатын.

Тағы да оқыңыз: