Kyzylorda-news.kz. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының елдің болашақ дамуы үшін мәні мен маңызы айрықша болды.

Мемлекеттігімізге қауіп төнген қаңтар оқиғасының сабақтарын талдай келе, бұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасау қажеттігіне, Қазақстанды түбегейлі жаңғырту ісін жаңа қарқынмен жалғастырудың маңызына тоқталды.

Тоқыраудың жасампаздыққа ұласатыны қашанда белгілі. Ал бұған барлық саланы жүйелі жаңғырту арқылы қол жеткізе аламыз. Осы ретте Жолдауда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың елеп-екшелген реформалары ұсынылды. Әділ әрі ашық бәсеке елді демократияландыруға ықпал етіп, мемлекеттің тұрақтылығын бекемдеуге бағытталмақ.

Ел Президенті енді саяси, экономикалық монополияға жол берілмейтінін қадап айтып, келесідей тарихи реформаларды ұсынды:

Президенттің қандай да бір партияның мүшесі болуына бұдан былай жол бермеу. Осы ұстаным Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық Кеңестің, Есеп комитетінің мүшелеріне де қатысты.

Өкілді билік тармақтарын қайта құру. Мақсаты-Парламенттің беделін арттыру. Сенат депутаттығына Президент ұсынатын квота санын 10-ға қысқартып, оның 5-ін ҚХА өкілдеріне беру орайы табылған құптарлық іс.

Заңдарды тек Мәжілістің қабылдауы, республикалық бюджетті бақылауын күшейтуі-осы Палатаның құзіретін кеңейтудің бірегей қадамы.

Облыстық мәслихаттардың, республикалық бағыныстағы қалалық мәслихаттардың төрағасы лауазымын ендіру, аталған мәслихаттарға бекіту үшін Президент тарапынан облыс әкімінің баламалы кандидатураларын ұсыну-шын мәнінде революциялық өзгерістер.

Әлемдік озық тәжірибеге сай сайлау жүйесін жетілдіру және партиялық жүйені дамыту. Мәжіліс депутаттарының 70% пропорционалды жүйе, 30% мажоритарлы жүйе арқылы сайлауға көшу, партияларды тіркеуді жеңілдету жаңа саяси мәдениетті дамытуға бағытталып отыр. Бұл қадамдардың барлық партиялардың мүддесіне қызмет ететіні сөзсіз.

Құқық қорғау органдарын күшейту, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен адам құқығын қорғау істері прогрессивті бастамаларға толы.

Еліміздің идеологиялық, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде БАҚ қабілетін арттырудың маңызы зор. Мемлекет пен қоғамның сындарлы әріптестігін дамытудағы Азаматтық қоғамның рөлін күшейту басты назарда болмақ. Өйткені, тәуелсіз БАҚ пен Азаматтық қоғам – реформаларды жеделдетуге ықпал етеді.

Өз құрамына сан алуан пікір иелерін топтастырған Ұлттық Құрылтай құру тәжірибесі Ұлы Дала демократиясының жалғасы іспеттес. Осынау мәртебелі құрылымның билік пен халық арасындағы алтын көпір, мықты дәнекер болатынына сенімдіміз.

Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын оңтайландыру әлдеқашан пісіп жетілген мәселе. Халықтың көкейіндегіні дөп басқан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы Семей аймағы шегінде Абай облысын, Жезқазған шегінде-Ұлытау облысын, Алматы облысын екіге бөліп Жетісу және Алматы облыстарын құруын ел-халық үлкен көрегендік деп бағалауда. Бұл қадамдардың, көп күттірмей, аймақтардың серпінді дамуына әкелетініне сенімдіміз. Әрине, бұның бәрі Жаңа Қазақстанды құру үшін істеліп жатқан келелі жұмыстар.

Мемлекет басшысы тарихи өзгерістерді бастауда халықты бір кісідей жұмылуға шақыра отыра, «..Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы бәрінен қымбат. Қазақстан тек бізге керек. Мемлекттілігімізді қорғау мен үшін аса маңызды. Бабалар аманатына адал болып, ұрпаққа табыстау қастерлі парыз» деп ағынан жарылды.

Жолдау әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапты, халқымыздың өзінің жарқын болашағына деген сенімін еселей түсті.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма

Төрағасы – Ректоры, қалалық мәслихат депутаты

Тағы да оқыңыз: