Kyzylorda-news.kz  Қоғамдық бірлестік биыл АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасы аясында Еуразия қорының қолдауымен «Келешек мамандықтары: Жұмыссыздық проблемаларының шешімі» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында жастарға SMM маркетинг, графикалық дизайн, мобилография секілді қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, жұмыс табуына қолдау көрсету болатын.

Осыған дейін SMM маркетинг аясында жастарға оқыту курсын ұйымдастырған қоғамдық бірлестік шілде айында мобилография курсын қорытындылады.

Мобилография курсы аясында Қызылорда қаласының 10 жасы офлайн біліктілігін жетілдірді. Курс қатысушыларына қосымша құралдарсыз, ұялы телефон арқылы жарнамалық материалдар дайындау жолдары үйретілді.

«Курстың негізгі мақсаты – қатысушыларға видео контент жасауды үйрету. Себебі қазіргі таңда фотомен бірге осы видео контентке сұраныс өте жоғары болып тұр. Курсқа қатысушылардың арасында ұялы телефонды тек байланыс құралы ретінде пайдаланатындары да болды. Жаңа сала болғандықтан алғашында қатысушыларға курстағы материалдарды қабылдау сәл қиындық тудырды. Дегенмен практика жүзінде қолданылу барысын көргеннен кейін қызығушылықтары оянып, белсенді бола түсті. Оқу курсы барысында экспозия, композиция, стабилизация, ракурс, фон, жарықтың түсу ерекшелігі, сондай-ақ видео әзірлеуге арналған қосымшаларды қолдану тәсілдері үйретілді», – дейді курстың бизнес-тренері Ботагөз Бақбергенова.

Курсқа қатысушыларға теориялық біліммен қатар оны практикада қолдану жолдары да үйретілген. Ол үшін қатысушылар түрлі саладағы кәсіпкерлік субъектілерінен практикадан өтіп, жасаған жұмыстарын курстың соңында арнайы қорғады. Қорытындысымен арнайы сертификаттарға ие болды.

«Жобаның ең негізгі жетістігі – қатысушылардың жұмыс тауып, кейбірінің жеке кәсібін ашуы. Екі қатысушы өз кәсібін ашты. Бірі ұялы телефондардың аксессуарларын, енді бірі автомобильге арналған жабдықтарды сатумен айналысуда. Әрине жарнама жасауда қосымша қаржы немесе маман тартпай, өздері жүргізіп жатыр. Екі қатысушымыз тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл біз үшін өте жақсы көрсеткіш», – дейді «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мадина Төлепова.

Қоғамдық бірлестік енді жастарды графикалық дизайнға үйрететін курсты ұйымдастыруда. Нәтижесі туралы алдағы уақыттарда айтатын боламыз.

Тағы да оқыңыз: