Kyzylorda-news.kz. Жамбыл облысына қарасты Масанчи ауылында орын алған келеңсіз жағдай баршамызды алаңдатып отыр.

Ислам ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлінуді құптамайды. Адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  да былай дейді: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың». Яғни, мұсылман адамның өзінің діндес бауыры түгілі, өзге дін өкіліне де зиян келтірмеуін, құрметпен қарауын аманат еткен.

Қоғам ішіндегі бүлікшілік пен алауыздыққа жол бермеу – әрбір мұсылманға парыз. Себебі, асыл дініміз ислам – татулық пен бейбітшілікке үндеуші дін. Демек, «алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, мәселенің анық-қанығына жетпестен, алауыздыққа бой алдырып, тыныштығымызды бұзғанша  ортақ ымыраға келуіміз қажет.

Құрметті бауырлар, жекелеген адамдардың өзара келіспеушіліктерін бұқараралық сипаттағы дауға ұластырып, білместікпен өзге мұсылмандарға  жапа шеккізуден сақ болайық.

Қаншама ұлттар мен ұлыстарды панасына алып отырған мемлекетіміз де өзара татулық пен келісімді нығайту бағытында көптеген игі бастамаларды жүзеге асыруда. Осыған орай асыл дініміз бен ата заңымыз бұйырғандай, елі ішіндегі бүлік пен іріткі салудың алдын алып, қоғам тыныштығының бұзылуына жол бермеуге шақырамын.

Алла Тағала  халқымыхдың ынтымақ-бірлігін арттырып, ел амандығы мен жұрт тыныштығын сақтағай! Әмин!

Болатбек АБУОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы

(Жазып алған Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ)

Тағы да оқыңыз: