Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысында белгілі болды.

Кеңес отырысында оның жаңа құрамы таныстырылып, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары анықталды. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Жаңақорған ауданда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.

Бұл бағытта Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевқа сөз берілді.

«Жалпы республикада алғаш болып «Бақытты отбасы» орталығы Қызылорданың Жаңақорған ауданында ашылды. Орталық аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімінің қолдауымен Халықты жұмыспен қамту орталығы жанынан 1 сәуірден бастап өз жұмысын бастады. Орталыққа аудандық бюджеттен 5 қызметкерге штат бірлігі бөлініп, қажетті құрылғылар және балаларға арналған бөлмелермен қамтамасыз етілді», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Баяндамадан белгілі болғандай қазір Орталықта жұмыспен қамту орталығы көрсететін қызметтермен қатар әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларды дағдарыс жағдайынан шығаруға және олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында басқа да қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Атап айтқанда, отбасыларға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап кәсіпкерлік негіздерге оқыту, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға, сондай-ақ жұмысқа орналасуды кезең-кезеңімен жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Жалпы атап өту керек бүгінгі таңда ауданда халықтың әлеуметтік осал топтарымен 6 психолог маман, 20 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасауда. Орталыққа жыл басынан есепті мерзімге 273 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тіркелген. Олардың 67-сі қолайсыз отбасы болып анықталып отыр.

Жиынды қорытқан Кеңес төрағасы Райкүл Бай назарова бұл бағыттағы жұмыстарды еселу керектігін айтып, барлық аудандарда «Бақытты отбасы» орталықтарын ашу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: