Kyzylorda-news.kz. Елімізде соңғы кездері жиілеп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан үлкен-кіші, бала-шағаны көргенде, естігенде жүрегің қарс айрылып, ұйқымыздан шошып оянатын жағдайға жеттік. Әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігі, үйінің береке-бірлігін келтіріп отыратын ана махаббаты азайған, әке мен шеше бір-бірін мүйіздеп, бір-бірінен кінә іздеп жүргенде балаларымыз қараусыз қалып жатқаны елдігіміздің іргесін сөгуге апаратынына аса мән бермейтініміз қынжылтады, жүрекке қаяу түсіреді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңнаманың ­4-бабында оның түрлері нақты айтылып, көрсетілгенімен, оны елеп-екшеп жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе «Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қа­сақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе өміріне, денсаулыққа қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен ­абыройын кемсіту» деп, соқырға таяқ ұстатқандай айқын жазылған.

«Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы» Заңда да баланың заңды өкілі ата-ана екені, ата-ана баласының білім алуына, тәрбие беруіне, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қамқорлық жасауға міндетті екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал күнделікті өмірде заңнан мүлдем хабары жоқ, тіпті кейде өзін-өзі қорғай алмайтын замандас­тарымызды кездестіретініміз де жасырын емес.

Мамандардың айтуынша, бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланыс­ты жарияланған карантин уақытында елімізде отбасындағы жанжал, ажырасу мәселелері күрт өскен. Статистикалық деректерге жүгінсек, биыл сегіз айдың ішінде 130 мыңға жуық шағым түсіп, оның ішінде 2,5 мың шағым бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (АЕRС) сарапшылары жүргізген 2017 жылғы зерттеуге зер салсақ, еліміздегі қылмыстың 38%-ы әйел-аналарға қатысты екен.

Парламент Мәжілісінің жалпы отыры­сында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы қаралған тұста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Ун­жакова: «Біз құқық бұзушының отбасындағы зорлық-зомбылық әрекет­тері салдарынан жауапкершіліктен жалтар­мас үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны алдында татуласу прак­тикасын өзгертуді ұсынамыз. Тәжірибе көрсеткендей, зардап шеккендер агрессордың қысымымен және қауіп-қатерімен татуласуға келіседі. Сондай-ақ егер отбасындағы зорлық-зомбылықтың куәгерлері кәмелетке толмаған балалар болса, отбасылық агрессорларға жазаны қатай­туды ұсы­намыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің зерттеу нәти­желері қазақстандық балалар­дың 57%-ы өздерін үйде қауіпсіз сезінбейтіндігін көрсетіп отыр» деген дерек келтірді.

Не істемек керек? Иә, елімізде әйел-аналарға арналған дағдарыс орталықтары бар. Дегенмен, бұл уақытша ­баспана балапанын бауырына басқан қыз-келіншектерге қаншалықты жәрдемдеседі? Қиналғанда қол ұшын созады дегеннің өзінде, «Торғай екеш торғай да, балапанын қорғайды» демекші, отбасындағы негізгі құндылықтарға, әке мейірімін, құшағын аңсаған сәбидің жанына желеу бола ала ма? Әке мен шеше біте қайнасып, бір отбасының ұйтқысы болған жағдайда ғана ұлттың өзегіне құрт түспей, бүтін бала тәрбиеленіп шығатынын естен шығармайықшы. Ойланайық ағайын, баланың бақытты шағын ұрламайық!

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Тағы да оқыңыз: